Биылғы турнирге еліміздің әр өңірінен 13 команда қатысып, олар үш топқа бөлінген.
Түркістанда алғаш рет жастар арасында хоккейден Қазақстан кубогы додасы өтіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласында жастар арасындағы QAZAQSTAN KUBOGY хоккей турнирінің топтық кезеңі өтіп жатыр.
Биылғы турнирге еліміздің әр өңірінен 13 команда қатысып, олар үш топқа бөлінген. Кубок ойындары Павлодар, Теміртау және Түркістан қалаларында ұйымдастырылуда.
Түркістан қаласы турнирдің «С» тобын қабылдады. Бұл топта төрт команда — «Торпедо» (Өскемен), «Құлагер» (Петропавл), «Алматы» және «Turan Tigers» (Түркістан) клубтары бақ сынауда.
Түркістандағы топтық кезең аясындағы алғашқы ойындар «Торпедо» - «Құлагер» кездесуімен басталды. Ал кешкі 19:00-де мұз айдынына алаң иелері — «Turan Tigers» командасы Алматының «Алматы» командасымен кездесті. Тартысты кездесуге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, спортшыларға қолдау білдірді.
Бұл кездесу Түркістандық жанкүйерлер үшін ерекше маңызға ие. «Turan Tigers» командасы өз алаңында өнер көрсетіп, Қазақстанның жастар арасындағы ең беделді кубоктарының бірі үшін күресін бастады.
Турнирдің Түркістандағы келесі ойындары да «Мұз сарайында» өтеді. 28 тамызда «Turan Tigers» «Торпедомен» кездессе, 30 тамызда түркістандықтар «Құлагерге» қарсы соңғы топтық ойынын өткізеді.
Алдын ала кезеңнің қорытындысы бойынша үздік командалар турнирдің шешуші кезеңіне жолдама алады. Жартылай финалдар мен финал 2-3 қыркүйекте Теміртау қаласында өтеді.


