ТҮРКІСТАН: Жетісайда «Аға буын аманаты – ел дамуының темірқазығы» атты кездесу өтті

0
166

Кездесу барысында тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелер де көтерілді.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда «Аға буын аманаты – ел дамуының темірқазығы» атты кездесу өтті

Жетісай ауданында ардагерлер мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Аға буын аманаты – ел дамуының темірқазығы» атты кездесу өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Еркін форматта ұйымдастырылған жиынға аудан әкімі Серік Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Ермеков, аудан прокуроры Мырзахмет Өтегенов, бөлім басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және қоғам белсенділері қатысты.

Жиында ауданның соңғы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері таныстырылды. Инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік салаларда жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы жоспарлар туралы жан-жақты мәлімет берілді.

Кездесу барысында тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелер де көтерілді. Атап айтқанда, аграрлық саладағы білікті мамандар тапшылығы, техникалық кадрларды даярлау, жастар тәрбиесі, әлеуметтік қолдау тетіктерінің тиімділігі, медицина қызметінің сапасы және білім беру саласының жай-күйі кеңінен талқыланды.

Ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері ауданның дамуына қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Олар жастардың еңбекке жауапкершілігін арттыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау, ауылдағы кадр тапшылығын шешу, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту бағытындағы бастамалардың маңызын атап өтті.

Көтерілген мәселелер бойынша аудан әкімі Серік Мамытов нақты жауап беріп, айтылған ұсыныстар кезең-кезеңімен қаралып, бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Өз сөзінде аудан басшысы өңірдің тұрақты дамуы халық пен биліктің өзара сеніміне, аға буынның ақыл-кеңесі мен жастардың белсенділігіне негізделетінін айтты. Сондай-ақ ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен парасатты пікірі қоғам үшін әрдайым маңызды екенін атап өтті.

Кездесу соңында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына ұзақ жылдар бойы үлес қосып, бүгінде қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүрген бірқатар ардагерге Алғыс хаттар табысталды.

Бөлісу