Есепті кезеңде нақты өндірілген 173 729,1 мың теңге бюджет кірісіне алынды.
Түркістан облысында заң талаптарын бұзған нысан иелерінен 173,7 млн теңге айыппұл өндірілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы аумағында 2026 жылдың 7 айында жалпы 266 нысанға бақылау және қадағалау жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде, 197 нысан – жеке кәсіпкерлік, 69 нысан – бюджеттік болса, 178 нысанға жоспардан тыс тексеру ашылып, тексерусіз нысан саны 57-ні құрайды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, 197 жеке кәсіпкерлік нысандардың меншік иелеріне қатысты 416 әкімшілік құқық бұзушылық хаттама толтырылып, жалпы 266 498,7 мың теңге айыппұл салынды. Есепті кезеңде нақты өндірілген 173 729,1 мың теңге бюджет кірісіне алынды. Қалған қаражаты өндірілу барысында. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында айтылды.
Облыс әкімі жауапты тұлғаларға жыл соңына дейін аудан, қала аумағында заң талаптарын сақтамай салынған құрылыстарға заң аясында тиісті шаралар қабылдауды міндеттеді. Сондай-ақ құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру тәртібіне сәйкес тұрақты түрде мониторинг жүргізуді тапсырды.
Жиында Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тарту Байтурсынов заңсыз құрылыстар бойынша 2026 жылдың 7 айында атқарған жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, жыл басынан бастап құрылыс процесіне қойылатын негізгі талаптарды сақтай отырып, облыс аумағынан жеке кәсіпкерлік есебінен құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жөнінде 905 хабарлама тіркеуге алынған.
Сондай-ақ, заң талаптарын бұза отырып және заңсыз өз бетінше салынған 17 нысанды мәжбүрлеп бұздыру бойынша сотқа талап-арыздар жолданды. Нәтижесінде, талап-арыздардың 5-еуі сотта қаралуда, ал 9 нысанды бұзуға сот шешімі шықты. Бір талап-арыз қараусыз қалдырылса, 2-еуі қанағаттандырылмады. Сонымен қатар түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 14 заңсыз құрылыс нысандары меншік иелерінің есебінен бұзылды.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Түркістан облысының геоақпараттық порталы» ақпараттық жүйесінде «Құрылыс процесстерін цифрландыру МСҚБ» бөлімі 2025 жылдың қазан айында іске қосылған болатын. Қазіргі жағдай бойынша Геопортал АЖ барлығы 3 766 құрылыс нысанының ақпараты енгізілді.
Аталған ақпараттық жүйе бірнеше жылдар бойы заң талаптарын бұза отырып немесе заңсыз салынған құрылыстардың нақты санын анықтауға, сонымен қатар алдағы уақытта заңсыз құрылыстардың салынуына жол бермеуге бағытталған.


