ТҮРКІСТАН: «Темірлан» өндірістік паркінде 5 инвест жоба жүзеге асырылды

0
128

Өндірістік парктің жалпы аумағы 10,5 гектарды құрайды.


ТҮРКІСТАН: «Темірлан» өндірістік паркінде 5 инвест жоба жүзеге асырылды

Ордабасы ауданындағы «Темірлан» өндірістік паркінде 5 инвест жоба жүзеге асып, өндіріс қарқыны артып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Ордабасы ауданына барып, Темірлан ауылында орналасқан «Темірлан» өндірістік паркінің жұмысымен танысты. Аралау барысында парк аумағындағы кәсіпорындардың өндірістік қуатын бақылап, құрылыс барысымен танысты. Жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.

Өндірістік парктің жалпы аумағы 10,5 гектарды құрайды. Осыған дейін бірінші кезең бойынша, 5 өндірістік ғимараттың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Қазіргі таңда мұнда жалпы құны 1,2 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 53 жаңа жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, кір жуғыш ұнтақ пен сұйық жуғыш заттар, түйіршіктелген жем, шыны өнімдері және металл бұйымдарының өндірісі дамыған.

Сонымен қатар өндірістік парк аумағында жаңа нысандардың құрылыс жұмыстары жалғасуда. Құрылыс жұмыстарын «Оңтүстік Жарық Транзит Монтаж» ЖШС мердігер мекемесі жүргізіп жатыр.

Алдымен өңір басшысы кір жуғыш ұнтақ пен сұйық жуғыш заттар шығаратын «ALMEN GROUP» және ЖК «Б. Байдулла» кәсіпорындарын аралады. Әр кәсіпорынның инвестициялық құны – 350 млн теңгені құрайды. Кәсіпорындарда жылына 5 мың тонна өнім өндіріледі. Сондай-ақ, металл бұйымдарын өндіретін «ҚАРАБАТЫР АГРО» ЖШС-нің жұмысы таныстырылды. Кәсіпорынның инвестициялық құны 230 млн теңге. Зауыт жылына 4 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Бұдан бөлек, түйіршіктелген жем мен гидропоникалық өнімдер шығаратын «BAYSAL-A» ЖШС-нің жұмыс жүйесі таныстырылды. Жобаның жалпы құны – 200 млн теңге, өндірістік қуаттылығы жылына 6 мың тонна өнім. Сонымен қатар «Facade Company» ЖШС-нің шыны өндірісі таныстырылды. Жоба құны 120 млн теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 100 мың шаршы метр шыны өндіреді. Мұнда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Айта кетейік, облыс әкімінің бастамасымен өңірде өндіріс пен қайта өңдеу саласын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Бөлісу