Қазіргі таңда құрылыс алаңында 75 адам еңбек етіп жатыр.
Нұралхан Көшеров Созақтағы орталық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстарының барысын қадағалады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мемлекет басшысының ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуге жағдай жасау және әлеуметтік нысандарды жаңғырту жөніндегі тапсырмалары аясында Созақ ауданында денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Шолаққорған ауылындағы аудандық орталық ауруханасы ғимаратында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Ауруханаға жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жобасының жалпы құны 4,1 млрд теңгені құрайды. Жобаның тапсырыс берушісі – «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры, бас мердігері – «KazBuildCo» ЖШС. Жоба «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржыландыруымен іске асырылуда. Құрылыс жұмыстары 2026-2027 жылдарға жоспарланған. Қазіргі таңда құрылыс алаңында 75 адам еңбек етіп жатыр.
Мердігер компания басшысы облыс әкіміне атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап, құрылыс кестесіне сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырып жатқанын жеткізді. Өңір басшысы аурухана ғимаратындағы күрделі жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше назар аударып, құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Құрылыс бойынша бірқатар сын-ескертпе айтып, тапсырмалар берді.


