​ТҮРКІСТАН: Созақта арнайы киім мен қолғап өндіретін цех жұмыс істеп жатыр

0
72

Өндіріс орны 2026 жылы құрылып, жобаға 250 млн теңге инвестиция тартылған.


​ТҮРКІСТАН: Созақта арнайы киім мен қолғап өндіретін цех жұмыс істеп жатыр

Созақтағы цех жергілікті кәсіпорындарды арнайы киім мен қолғаппен қамтуға кірісті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Созақ ауданына жұмыс сапары барысында Шолаққорған ауылындағы «Sozaq Group» ЖШС-нің өндірістік цехын аралап, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Кәсіпорында арнайы киімдер, тұрмыстық қолғаптар, шұлық және жұмысқа арналған аяқ киімдер мен арнайы жамылғылар өндіріледі.

Өндіріс орны 2026 жылы құрылып, жобаға 250 млн теңге инвестиция тартылған. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 34 млн теңге қаржы бөлінген. Кәсіпорын жылына 876 мың дана тұрмыстық қолғап, 25 мың дана арнайы киім, 25 мың жұп шұлық, 10 мың дана жұмыс киімі және 5 мың дана арнайы жамылғы өндіруге қауқарлы. Өнімдер негізінен аудандағы ірі тау-кен кәсіпорындарына өткізіледі. Қазіргі таңда өндіріс орнында 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Өндіріс орнын аралау барысында өңір басшысы кәсіпорынның өндірістік әлеуетін арттыру, өнім сапасын тұрақты бақылауда ұстау және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар облыс әкімі «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жобалармен танысып, кәсіпкерлермен кездесті.

Бөлісу