​ТҮРКІСТАН: Сауранда Абай атындағы жаңа мектеп пайдалануға берілді

0
156

Жер телімінің аумағы – 6 275 шаршы метр, ал ғимараттың пайдалы ауданы 4 174 шаршы метрді құрайды.


​ТҮРКІСТАН: Сауранда Абай атындағы жаңа мектеп пайдалануға берілді

Сауран ауданында 300 орындық Абай атындағы жаңа мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгін Түркістан облысы Сауран ауданының Бабайқорған ауылдық округіне қарасты Абай елді мекенінде 300 орындық Абай атындағы жалпы білім беретін жаңа мектептің ашылу салтанаты өтті.

Жаңа білім ордасының ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, ауыл тұрғындары, білім саласының өкілдері, ұстаздар мен оқушылар қатысты.

Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары көпшілікті жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, жаңа білім ордасының символикалық кілтін табыстады.

– Баршаңызды 1 қыркүйек – Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы білім мен бала болашағын мемлекет саясатының басты басымдықтарының бірі ретінде айқындап, әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Осы бағытта елімізде білім беру инфрақұрылымы жаңарып, жаңа мектептер бой көтеруде. Бұл – ұрпақ болашағына салынған маңызды инвестиция. Бүгінде Қазақстандағы 8 мыңға жуық мектептің 1100-ден астамы Түркістан облысында орналасқан. Өңірімізде 550 мыңнан астам оқушы білім алуда. Оқушы санының жыл сайын артуы жаңа мектептер мен қосымша оқу орындарына деген қажеттілікті күшейтуде. Бүгін осындай игі істің нақты көрінісі ретінде Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілуде. Халық санының өсуіне байланысты білім беру нысандарын көбейту – уақыт талабы. Сондықтан жаңа мектептің ашылуы – балаларға жайлы орта қалыптастырып, сапалы білім алуға мүмкіндік беретін маңызды қадам. Жаңа білім ордасының ашылуы құтты болсын! Еліміздің болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ұстаздарға шығармашылық табыс, ал оқушыларға жарқын жетістіктер тілеймін! – деді Еркебұлан Дауылбаев.

Түркістан облысы құрылыс басқармасының тапсырысымен заманауи талаптарға сай бой көтерген үш қабатты ғимарат 300 оқушыға арналған. Білім ошағында 70 орындық асхана, 40 орындық оқу залы бар кітапхана, спорт және акт залдары, шеберхана, медициналық кабинет және оқу сыныптары қарастырылған. Сонымен қатар нысан электр, жылу, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерімен толық қамтылған.

Жер телімінің аумағы – 6 275 шаршы метр, ал ғимараттың пайдалы ауданы 4 174 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылғы наурыз айында басталып, 2026 жылғы тамыз айында аяқталған.

Мектептің ашылуы ауылдағы балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай қалыптастырып, білім беру инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді. Оқушылар жаңа, жайлы әрі заманауи оқу кабинеттерінде білім алып, спорттық және шығармашылық бағыттағы жұмыстарын дамытуға жағдай жасалады.

Жаңа мектептің ашылу салтанаты барысында қонақтар білім ошағының оқу сыныптарын аралап, оның материалдық-техникалық базасымен танысты.

Айта кетейік, Сауран ауданындағы 64 білім ұясында 25 мыңға жуық оқушы білім алады. Ал, биыл 2 333 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.

Бөлісу