ТҮРКІСТАН: Сарыағаш ауданында 200 орынды мәдениет үйі салынып жатыр

0
100

Қазіргі таңда ғимаратта сыртқы және ішкі әрлеу, желдету жүйесін орнату, сыртқы инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізілуде.


ТҮРКІСТАН: Сарыағаш ауданында 200 орынды мәдениет үйі салынып жатыр

Сарыағаш ауданы, Жонарық ауылында 200 орынды мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Сарыағаш ауданында кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және әлеуметтік инфрақұрылымды нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осыған орай аудан әкімі Арман Абдуллаев өндіріс орындары мен салынып жатқан әлеуметтік нысандарды аралап, жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысымен танысты.

Алдымен аудан басшысы Қабланбек ауылдық округінің Жонарық елді мекенінде салынып жатқан 200 орынды мәдениет үйі мен кітапхана ғимаратының құрылысымен танысты. Нысанда құрылыс қарқынының жоспарланған деңгейден төмен екенін атап өткен аудан әкімі мердігер ұйымға жұмысты жеделдету, жұмысшыларды көбейту, құрылыс сапасын күшейту және нысанды белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берді. Қазіргі таңда ғимаратта сыртқы және ішкі әрлеу, желдету жүйесін орнату, сыртқы инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізілуде.

Жұмыс сапары барысында Арман Абдуллаев жергілікті кәсіпкер Алмахан Мауленовтың өндіріс орнында болды. Онда бетон және мәрмәр тасы қоспасынан абаттандыруға арналған орындықтар, қоқыс жәшіктері және өзге де бұйымдар дайындалады. Кәсіпорын өнімдері Түркістан облысы мен Шымкент қаласында үлкен сұранысқа ие. Үш жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан өндіріс орнында бүгінде 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, аудан әкімі кәсіпкердің тапсырыс негізінде түрлі бұйымдар тігетін тігін цехының жұмысымен де танысты.

Сонымен қатар, аудан әкімі Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Бостандық елді мекенінде салынып жатқан медициналық нысанның құрылыс барысымен танысты. Қазіргі уақытта нысанда ішкі әрлеу, абаттандыру және асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан басшысы құрылыс сапасын қатаң сақтап, барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Айта кетейік, жаңа медициналық нысан пайдалануға берілгеннен кейін Бостандық елді мекені тұрғындарының алғашқы медициналық-санитариялық көмекке қолжетімділігі артып, ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымы нығая түседі.

Бөлісу