Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың төрағалығымен Сарыағаш ауданында құрылыс, сәулет, қала құрылысы, автомобиль жолдары және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы салалары бойынша кеңейтілген мәжіліс өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жиында атқарылған жұмыстардың нәтижелері сараланып, алдағы кезеңнің міндеттері мен өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды.
Кеңейтілген мәжіліске Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Алмас Салимов, аудан әкімінің орынбасарлары, Сарыағаш аудандық полиция басқармасының бастығы Досжан Нұсқабеков, дербес бөлімдердің басшылары, білім беру ұйымдарының директорлары, мектепке дейінгі ұйымдардың меңгерушілері және жауапты сала мамандары қатысты.
Жиын барысында Түркістан облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Жалғас Борсабаев құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстар, әлеуметтік нысандардың құрылыс барысы, жобалардың орындалу сапасы және құрылыс нормаларының сақталуы жөнінде баяндама жасады.
Одан кейін Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев аудан аумағындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайына тоқталып, жөндеу жұмыстарының барысы мен жол инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.
Мәжілісте Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары Тайшыман Дәулетқұл құрылыс нысандарында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру, заң талаптарының сақталуы және анықталған кемшіліктерді жою бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Сонымен қатар Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қуаныш Асанов заңсыз құрылыстардың алдын алу, елді мекендердің сәулеттік келбетін қалыптастыру, орталық аумақтарды дамыту және қала құрылысы құжаттарының талаптарын сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Жиын барысында көтерілген мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасылып, саладағы өзекті түйткілдерді шешу жолдары қарастырылды. Әсіресе құрылыс сапасын бақылау, жол инфрақұрылымын жақсарту, заңсыз құрылысқа жол бермеу және әлеуметтік нысандарды уақытылы пайдалануға беру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Мәжілісті қорытындылаған Еркебұлан Дауылбаев жетекшілік ететін салалардағы жұмыстардың сапасы мен жауапкершілігін күшейту қажеттігін атап өтіп, жауапты басқармалар мен аудан әкімдігіне анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою, құрылыс және жол саласындағы жобаларды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.


