​ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢҒЫРТУДАН ӨТКЕН ТАҒЫ БІР ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

0
261


​ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАҢҒЫРТУДАН ӨТКЕН ТАҒЫ БІР ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан облысы, Сайрам ауданында «Манкент» теміржол вокзалының ғимаратын реконструкциялау жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Нысанды жаңарту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздегі 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.


Вокзалдың ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров, теміржол саласының ардагерлері және аудан тұрғындары қатысты.

Салтанатты шарада өңір басшысы жаңарған нысанның Сайрам ауданы үшін маңызын атап өтіп, тұрғындарды айтулы оқиғамен құттықтады.

– Баршаңызды Сайрам ауданы үшін тарихи маңызы зор – жаңартылған теміржол вокзалының ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл игілікті жоба – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа қолайлы инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында іске асырылды. Өңірімізде биыл жалпы 5 теміржол вокзалдарының инфрақұрылымы жаңартылды. Атап айтсақ, Түлкібас, Манкент, Темір, Арыс, Сарыағаш станциялары. Міне, бүгін осы бағытта жаңартылған «Манкент» вокзалында жиналып тұрмыз. Тарихы терең Манкент вокзалы алғаш рет 1916 жылы салынған болатын. Араға ғасырдан астам уақыт салып, заман талабына сай бой көтерген жаңартылған вокзал тұрғындар мен қонақтарға сапалы әрі қолайлы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Осы игілікті іске атсалысқан барлық азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Жаңа вокзал ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, тұрғындар мен қонақтарға сапалы қызмет көрсететін, Сайрам ауданының жаңа келбетін айшықтайтын маңызды нысан болады деп сенемін, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

«Манкент» теміржол вокзалы Сайрам ауданы, Ақсукент ауылында орналасқан. Нысан өңірдің логистикасы мен жолаушылар тасымалында маңызды рөл атқаратын тарихи және стратегиялық нысан. Жобаның жалпы құны 576,0 млн. теңгені құрайды. Жаңа ғимаратта 90 орындық кең күту залы, билет кассасы, анықтама бюросы және асхана қарастырылған. Ана мен бала бөлмесі және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы бөлме де бар. Сондай-ақ медициналық пункт, оқшаулау бөлмесі, көліктегі полиция бөлімінің қызметтік кабинеті және барлық қажетті санитарлық-тұрмыстық жағдайлар жасақталған. Сонымен қатар жолаушыларға арналған ұзындығы 550 метрлік перрон толық жаңартылып, аумаққа абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Вокзалды жаңғырту нәтижесінде 4 жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы аумағы 0,7 гектарды құрайтын нысан 2026 жылы жаңғыртудан өтті.