Күн тәртібінде облыс аумағындағы заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу, заңсыз қазылған «қызыл нүктелердегі» жағдай және ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылауды күшейту мәселелері қаралды.
Түркістан облысында заңсыз жер қойнауын пайдаланушыларға қарсы күрес күшейе түсті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы әкімдігінде заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу және аудан, қала аумақтарындағы заңсыз қазылған «қызыл нүктелерге» қатысты мәжіліс өтті. Жиынға құқық қорғау органдарының, салалық басқармалардың, аудан-қала әкімдіктерінің басшылары мен жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде облыс аумағындағы заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу, заңсыз қазылған «қызыл нүктелердегі» жағдай және ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылауды күшейту мәселелері қаралды.
Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев аталған мәселелердің өңір экологиясын қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, жол инфрақұрылымын сақтау және заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету тұрғысынан ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
– Облыста заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу бойынша құрылған мобильді топтар апта сайын рейд ұйымдастырып, заңға сәйкес тиісті жұмыстарды күшейтсін. Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы жер қойнауын пайдаланушылардың жүргізген операцияларының алдын алу және салдарын жою жұмыстарына іс-шараларын орындалу барысына бақылау жасасын. Облыс аумағындағы ауыр жүк көліктерінің қозғалыстарына бақылау жасалып, тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуы тиіс. Жалпы, жер қойнауын пайдаланушылар заңды қатаң сақтап, адал жұмыс істеулері керек. Қоршаған орта мен инфрақұрылымды қорғау – баршаға ортақ міндет, – деді Еркебұлан Дауылбаев.
Түркістан облысының Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қанат Шонбасовтың айтуынша, бүгінде Түркістан облысында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 234 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Оның ішінде 75-і келісімшарт, 159-ы лицензия негізінде жұмыс жүргізуде.
2025 жылдың қорытындысында жер қойнауын пайдаланушылардан облыстық бюджетке 9,1 млрд теңге түскен. Оның 4,8 млрд теңгесі жер қойнауын пайдаланғаны үшін төлемдер болса, 4,3 млрд теңгесі жасыл белдеуді дамытуға бағытталған төлемдер. Сондай-ақ лицензиялары тоқтатылған немесе игерілмеген учаскелерге жүргізілген түгендеу нәтижесінде жалпы көлемі 504 мың 750 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған.
Баяндама барысында лицензиялық-келісімшарттық шарттардың орындалуына бақылау күшейтілгені айтылды. Өткен жылғы есептерін тапсырмаған 49 жер қойнауын пайдаланушының материалдары заң аясында шара қолдану үшін «Оңтүстік Қазжерқойнауы» өңіраралық департаментіне жолданған. Ал есептерін толық тапсырмаған 125 кәсіпкерге анықталған кемшіліктерді жоюға үш ай мерзім берілген. Талап орындалмаған жағдайда олардың лицензияларының күші тоқтатылмақ. Облыс аумағында анықталған 22 заңсыз қазба орны бойынша аудан, қала әкімдіктері жанынан құрылған мобильді топтар күнделікті мониторинг жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ кен орындары мен заңсыз қазылатын «қызыл нүктелерден» шығатын ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылау үшін бейнекамералар орнату жұмыстары басталған.
Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаевтың айтуынша, биылғы бес ай жиырма күн ішінде облыс көлемінде заңсыз жер қойнауын пайдалану бойынша 125 құқықбұзушылық анықталған. Нәтижесінде 115 ауыр жүк көлігі мен 10 арнайы техника айыптұраққа қойылған. Экономикалық залал көлемі есептелген 100 материал бойынша 10 млн теңгеден астам шығын анықталып, Экология департаментіне жолданған.
Экология департаменті 73 дерек бойынша әкімшілік хаттама толтырып, жалпы сомасы 5,6 млн теңгеге жуық айыппұл салған. Оның 2,2 млн теңгеден астамы өндірілген. Қалған материалдар заң аясында қаралуда.
Рейдтер барысында бірқатар кәсіпорындардың рұқсат етілген аумақтан тыс жерлерден топырақ алғаны, лицензия рәсімдері толық аяқталмай жатып жұмыс бастағаны немесе лицензиясының күші тоқтатылғанына қарамастан өндіру жұмыстарын жалғастырғаны белгілі болған.
Сонымен қатар заңды жер қойнауын пайдаланушылардың қызметіне жүргізілген бақылау барысында тасымалдау құжаттарының толық рәсімделмеуі, карьерлерде жүк өлшейтін таразылардың болмауы және ауыр жүк көліктерінің белгіленген салмақтан артық жүк тиеп жүруі сияқты жүйелі мәселелер анықталған.
Тексеру кезінде салмақтық талаптарды бұзған жеті ауыр жүк көлігіне қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 571-бабы бойынша 19 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 3,287 млн теңге айыппұл өндірілген.
Мәжіліс қорытындысында облыс әкімінің орынбасары заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу жұмыстарын күшейтуді, «қызыл нүктелерге» тұрақты бақылау жүргізуді, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды арттыруды және ауыр жүк көліктерінің қозғалысын цифрлық бақылау жүйесін жедел іске қосуды тапсырды.


