Түркістан облысында Су шаруашылығы жұмыскерлерінің күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

0
75

Түркістан облысында 575 мың гектар суармалы жер бар.


 Түркістан облысында Су шаруашылығы жұмыскерлерінің күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы «Бөген» су қоймасында Су шаруашылығы жұмыскерлерінің күніне арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Кәсіби мерекеге сала ардагерлері, гидротехниктер, инженерлер, шлюз реттеушілер, гидрометрлер және су шаруашылығы ұйымдарының қызметкерлері қатысты.

Жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров су саласы мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, олардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды рөлін атап өтті.

– Су – тіршіліктің қайнар көзі ғана емес, елдің тұрақты дамуының, азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық өсімінің басты кепілі. Сіздер жыл он екі ай, тәулікпен санаспай еңбек етіп, көктемгі тасқын кезінде де, жазғы вегетациялық кезеңде де су нысандарының қалыпты жұмысын қамтамасыз етесіздер. Диқандардың берекелі өнімі мен елді мекендердің тұрақты сумен қамтылуы – сіздердің кәсібиліктеріңіз бен жауапкершіліктеріңіздің нәтижесі. Су ресурстарын тиімді пайдалану, инфрақұрылымды жаңғырту және су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, – деді Нұралхан Көшеров.

Түркістан облысында 575 мың гектар суармалы жер бар. Өңірдегі су шаруашылығы жүйесіне 42 су қоймасы, 4 мыңнан астам канал, 1 794 тік ұңғыма және 1 256 қашыртқы кіреді. Биыл су қоймаларындағы су көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,4 миллиард текше метрге артып, толу деңгейі 50 пайызға жетті. Сала инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында Ислам даму банкіне жалпы құны 166 миллиард теңгеге жуық жобалар ұсынылып, олардың алғашқы кезеңіндегі тоғыз жобаның құрылыс жұмыстары басталды. Өткен жылы 114 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясы енгізілді. Биыл су үнемдеу технологияларын енгізу көлемін 164 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланған.

Іс-шара барысында елдің амандығы, жауын-шашынның мол болуы мен су қорының артуы үшін тасаттық беріліп, ақсақалдар бата жасады. Іс-шараға қатысушылар су қоймасының жай-күйін көрді.

Су ресурстары және ирригация министрлігі тарапынан «Қазсушар» мекемесінің Түркістан облыстық филиалына канал бойында еңбек ететін су реттеуші мұраптарға 25 мотоцикл мен 4 трактор берілген болатын. Облыс әкімі мен көпшілікке сол техникалар көрсетілді.

Мереке аясында су шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқан бірқатар маман Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің, Түркістан облысы әкімінің және облыстық мәслихаттың марапаттарына ие болды. Кеш танымал өнер жұлдыздарының концерттік бағдарламасына ұласып, еңбек адамдары құрметке бөленді.

Бөлісу