Түркістан облысында құрылыс хабын қалыптастыру бағытында келіссөз жүргізілді

0
94

Аталған жобалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, импортты алмастыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.


Түркістан облысында құрылыс хабын қалыптастыру бағытында келіссөз жүргізілді

Түркістан облысында құрылыс хабын қалыптастыру бағытында келіссөз жүргізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытайдың «Jiangxi Zhixin Real Estate Development Co., Ltd» компаниясының бас директоры Мао Тинь және «Хуатун» халықаралық инвестициялық-өнеркәсіптік тобының халықаралық бизнес және шетелдік өнеркәсіптік инвестициялар жөніндегі басшысы Пэн Бохэнмен кездесті.

Облыс әкімі Түркістан өңірінің инвестициялық мүмкіндіктері, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың артықшылықтары, қолайлы логистикалық орналасуы мен мемлекеттік қолдау тетіктері жөнінде жан-жақты ақпарат берді.

– Түркістан облысында өндірісті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Біз шикізат экспортынан гөрі оны терең өңдеуге, қосылған құны жоғары өнім өндіретін жобаларды жүзеге асыруға басымдық береміз. Сондықтан құрылыс индустриясын дамытуға бағытталған бастамалар біз үшін маңызды. Инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Жобаларыңызды жүзеге асыратын дайын өндірістік парк пен ғимараттарымыз бар. Инфрақұрылым тартылған. Біз терең өңдеу, дайын өнім шығаруға, жұмыс орындарын ашуға басымдық береміз, – деді Нұралхан Көшеров.

Кездесу барысында өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды. Қытайлық инвесторлар Түркістан облысында құрылыс хабын қалыптастыруға қызығушылық танытып, құрылыс материалдары мен сантехникалық өнімдер шығаратын заманауи өндіріс орындарын ашу жоспарын таныстырды. Аталған жобалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, импортты алмастыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысында тараптар ұсынылған жобаларды жан-жақты зерделеп, өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту бағытындағы келіссөздерді жалғастыруға уағдаласты.

Бөлісу