Кездесулер барысында еңбек адамының қоғамдағы орны, кәсіби шеберлік пен жауапкершілік, жұмысшы мамандықтарының маңызы, аға буынның тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізу және жастарды еңбекке баулу мәселелері сөз болды.
Түркістан облысында еңбек адамын дәріптеуге бағытталған кездесулер өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Еңбек күні қарсаңында Түркістан облысында еңбек адамын дәріптеуге, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және еңбек ұжымдарындағы бірлік пен өзара сыйластықты нығайтуға бағытталған бірқатар кездесулер өтті.
Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева бастаған жұмыс тобы Сайрам және Төлеби аудандарындағы бірқатар өндіріс орындарының еңбек ұжымдарымен кездесіп, кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Жұмыс тобы Сайрам ауданындағы «CAPABLE GROUP мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінде болып, балалар жөргектері мен санитарлық-гигиеналық бұйымдар өндірісінің тыныс-тіршілігін көрді. 2021 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорында 86 адам тұрақты еңбек етеді. Өндірістің жылдық қуаты 170 млн дана өнім шығаруға жетеді. Оның бір бөлігі Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей нарығына экспортталады.
Сондай-ақ Ақсу ауылындағы «Завод автотехнологий» ЖШС өндіріс орнының жұмысымен танысты. 2025 жылы іске қосылған кәсіпорын ауыл шаруашылығы мен ветеринария салаларына арналған арнайы өздігінен жүретін техникалар шығарады. Жобаға 2 млрд теңге инвестиция тартылып, бүгінде мұнда 35 адам еңбек етуде. Кәсіпорында өндірісті одан әрі кеңейту жұмыстары жүргізілуде.
Төлеби ауданында жұмыс тобы «KAZPLAST» ЖШС тігін фабрикасына барып, арнайы жұмыс киімдерін өндіру үдерісімен танысты. Фабрикада 300 адам еңбек етеді. Кәсіпорын жылына 90 мың дана қысқы немесе 150 мың дана жазғы арнайы киім шығаруға қауқарлы.
Ал Бірінші мамыр елді мекеніндегі «Балмұздақ» ЖШС кәсіпорнында 175-тен астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бір өндіріс орнында түрлі этнос өкілдерінің бір мақсат жолында еңбек етуі – қоғамдық келісім мен өзара сыйластықтың жарқын көрінісі.
Кездесулер барысында еңбек адамының қоғамдағы орны, кәсіби шеберлік пен жауапкершілік, жұмысшы мамандықтарының маңызы, аға буынның тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізу және жастарды еңбекке баулу мәселелері сөз болды.


