Түркістан облысында бірнеше зауыт салынады

0
49

Жаңа инвестициялық жобалардың бастамашыларымен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.


Түркістан облысында бірнеше зауыт салынады

Түркістан облысында күнбағыс майын, целлюлоза, полимер, тыңайтқыштар және шина өндіретін зауыттар салынбақ, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы аумағында бірқатар ірі өндірістік жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Нақтырақ айтқанда, Түркістан қаласындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағындағы 2 гектар аумақта полимерлік дисперсияларды синтездеуге арналған автоматтандырылған зауыт салу көзделіп отыр.

Сонымен қатар 3,1 гектар жерге мақта мен сабаннан целлюлоза өндіретін зауыттың құрылысы қолға алынбақ. Ал 2 гектар аумақта күнбағыс майын өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кезекті инвестициялық штаб отырысында айтылды. Жиында жаңа инвестициялық жобалар зерледеніп, іске асыру мүмкіндіктері мен экономикалық тиімділігі жан-жақты қаралды. Жаңа инвестициялық жобалардың бастамашыларымен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Облыс әкімі жауапты тұлғаларға инвестициялық жобаларды сапалы сүйемелдеу, инвесторларға қолайлы жағдай жасау және жобалардың белгіленген мерзімде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету жөнінде бірқатар тапсырма жүктеді.

– Біздің басты міндетіміз – өңірге жаңа инвестиция тартумен қатар, әрбір жобаның нақты нәтижесін қамтамасыз ету. Инвесторларға қажетті жағдай жасап, жобаларды іске асыру барысында туындайтын мәселелерді жедел шешуіміз қажет. Әсіресе, жаңа жұмыс орындарын ашатын, өндіріс көлемін арттыратын және аудан-қалалардың экономикалық әлеуетін күшейтетін жобаларға басымдық берілуі тиіс. Арнайы аймақтардан жер қарастырылады. 6 ай ішінде құрылыс жұмыстары басталмаған жағдайда, жер мемлекет меншігіне қайтарылады, – деді Нұралхан Көшеров.

Штаб отырысында инвесторлар облыс аумағында іске асырылуы жоспарланған жаңа инвестициялық жобаларын таныстырды. Жобалар қолдау тауып, бірқатар кәсіпорындардың құрылысы қыркүйек айында басталатын болды.

Инвестициялық жобалар Сауран ауданында да жүзеге асырылмақ. Нақтырақ айтқанда, Саурандағы «Turan» АЭА аумағында карбамид тыңайтқыштарын өндіретін зауыт салу көзделіп отыр. Сондай-ақ 17 гектар жерге жүк көліктері мен автобустарға арналған шиналар өндіретін зауыттың құрылысы жоспарлануда. Бұл жоба Қазақстанда алғаш рет қолға алынбақ.

Бұдан бөлек, Сауран ауданы Иассы ауылдық округіне қарасты Шойтөбе ауылындағы 8 гектар аумақта сұйытылған көмірсутек газын сақтау және теміржол эстакадасы арқылы автоцистерналарға құю базасын салу жоспарланып отыр.

Мақтаарал ауданында да өндірістік жобалар қолға алынуда. Жамбыл ауылдық округі аумағындағы «Turan» АЭА-да («Орталық Азия» ХӨКО) 5 гектар жерге жіп иіру фабрикасын салу көзделген. Ал Сайрам ауданында қойма кешенін салу жобасы жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар инвестициялық штаб отырысында 2026 жылы іске асырылатын инвестициялық жобалар және шет елдік капиталдың қатысуымен инвестиция тарту бойынша атқарылған жұмыстары туралы Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы және Шардара ауданының әкімі Арман Романұлы баяндады.

Жаңа жобалардың іске қосылуы өңірдегі өңдеу өнеркәсібін дамытуға, өндіріс көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті өнім түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді.

Облыста инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және инвесторларға қажетті жағдай жасау жұмыстары жалғасын табады. Штаб отырысында мақұлданған жобалардың іске асырылу барысы облыс басшысының тұрақты бақылауында болады.

Жалпы, өңірге инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жоғарғы нәтиже беруде. Түркістан облысының экономикасына 8 жылда жалпы көлемі 7 трлн 570,8 млрд теңге инвестиция тартылды. Тиісінше, жаңа өндіріс орындары ашылып, тұрақты жұмыс орындары құрылды.

Бөлісу