Түркістан облысында ауылдық аймақтарды дамытуға басымдық беріліп жатыр

0
94

Бүгінде облыс халқының 75 пайызы ауылдық жерлерде тұрады.


Түркістан облысында ауылдық аймақтарды дамытуға басымдық беріліп жатыр

Түркістан облысында ауылдық аймақтарды дамытуға басымдық берілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар нәтижесінде Түркістан облысында инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды жаңғыртылуда.

Мемлекет басшысы еліміздің тұрақты дамуының негізі – ауыл екенін бірнеше мәрте атап өткен болатын. Осы міндетті басшылыққа ала отырып, Түркістан облысында ауылдық аумақтарды кешенді дамытуға, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға және елді мекендерді заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге ерекше басымдық берілуде.

Бүгінде облыс халқының 75 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Осыған байланысты ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау, сапалы ауыз су, табиғи газ, жол, тұрғын үй және әлеуметтік нысандармен қамтамасыз ету өңірлік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып отыр.

Түркістан облысында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Өткен жылы өңірдегі барлық елді мекендер толықтай ауыз су жүйелерімен қамтылып, көрсеткіш 100 пайызға жеткізілді. Президент тапсырмасымен жүзеге асырылған маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Шардара қаласындағы «Шардара» топтық су құбыры («Тама-Тастанбек») құрылысының аяқталуы. Жоба нәтижесінде 30 мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етілді. Бұл – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Өңірде табиғи газбен қамту деңгейін арттыру жұмыстары да жүйелі түрде жалғасуда. Қазіргі таңда Түркістан облысында газдандыру деңгейі 88,9 пайызды құрады. Биыл қосымша 33 елді мекенге табиғи газ жеткізу жоспарланған. Нәтижесінде газбен қамту деңгейі 89,6 пайызға жетіп, табиғи газға қосылған елді мекендер саны 639-ға дейін артады. Бұл ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсартуға, әлеуметтік нысандардың жұмыс сапасын арттыруға және өңірдің инженерлік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.

Түркістан облысында жол сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар да жоғары қарқынмен жүргізілуде. Есепті кезеңде 821 шақырым жол жөнделіп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 94,8 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш 2024 жылғы 93,7 пайыздық деңгейден жоғары. Жол инфрақұрылымын дамыту – елді мекендердің көлік қолжетімділігін арттырып, тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды бағыттардың бірі.

Халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 3 733 жаңа пәтер табысталды. Ал 2026 жылы тағы 3 561 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту аясында облыста 83 жаңа әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді.

Олардың қатарында:

• 25 білім беру нысаны;

• 35 денсаулық сақтау нысаны;

• 17 спорт нысаны;

• 6 мәдениет нысаны бар.

Бұл жобалар тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға және өңірдің әлеуметтік әлеуетін нығайтуға бағытталған.

Түркістан қаласында да заманауи инфрақұрылым мен туристік әлеуетті дамыту бағытында маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Қалада жаңа ипподром, Қолөнершілер орталығы және ерекше сәулеттік шешімімен ерекшеленетін «Экопарк» пайдалануға берілді. Жақын күндері заманауи аквапарк ашылады. Аталған нысандар Түркістанның туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, тұрғындар мен қонақтарға қолайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында жоспарланған 16 мектептің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Жаңа білім беру нысандары заманауи талаптарға сай жабдықталып, оқушылар үшін сапалы білім алуға қолайлы орта қалыптастырды.

Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері тұрақты өсіп, барлық негізгі бағыттар бойынша оң динамика сақталуда. Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік нысандар салу, ауылдық аумақтарды дамыту және халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда.

Түркістан облысы – ауыл мен қала дамуын ұштастырған, заманауи инфрақұрылымы қалыптасып келе жатқан, халыққа қолайлы орта құруды басты мақсат еткен өңір.

Бөлісу