Түркістан облысында алаяқтар өздерін пошта қызметкері деп таныстырып, тұрғындарды 125 миллион теңгеге алдап кеткен

0
135

20 күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.


Түркістан облысында алаяқтар өздерін пошта қызметкері деп таныстырып, тұрғындарды 125 миллион теңгеге алдап кеткен

ERNUR.KZ. Түркістан облысы прокуратурасының арнайы прокурорлары 21 адамды алдап кеткен алаяқтар тобын ұстады, деп жазады Stan.kz.

Тергеп-тексеру барысында 2024–2025 жылдар аралығында шетел мемлекетінің азаматы Қазақстан Республикасының аумағында әрекет етіп, интернет және телефон арқылы жасалған алаяқтық жолымен 21 жәбірленушіге жалпы сомасы 125 млн теңгеден астам материалдық залал келтірген ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және басқарғаны анықталды.

“Алаяқтық мобильді байланыс құралдарын пайдалана отырып, телефон қоңыраулары арқылы жасалған. Күдіктілер өздерін пошта ұйымдары мен байланыс операторларының қызметкерлері ретінде таныстырып, алдау жолымен азаматтардың атына несие рәсімдеп, алынған ақшалай қаражатты иемденген”, – делінген хабарламада.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жәбірленушілерге 20 млн теңге қайтарылды. Күдіктілердің 3 автокөлік құралына тыйым салынды. Қалған залал сомасы сот тәртібімен мәжбүрлеп өндірілетін болады.

20 күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. 2 күдіктіге халықаралық іздеу жарияланды. Қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру аяқталды.