Облыста перинаталдық көмек үш деңгейде ұйымдастырылған.
Түркістан облысында 25 медициналық нысан салынып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Бүгінде өңірде 25 медициналық нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының 2026 жылдың І жартыжылдығының қорытындысына арналған алқа отырысында мәлім болды.
Жиынға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев қатысып, өңірдің денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстарды саралады. Басқосуда ана мен бала денсаулығын қорғау, онкологиялық және кардиологиялық қызмет, иммунопрофилактика, медициналық ұйымдардың тиімділігі, инфрақұрылымды дамыту және өзге де өзекті мәселелер қаралды.
Облыста перинаталдық көмек үш деңгейде ұйымдастырылған. Қазіргі таңда І деңгейдегі 12, ІІ деңгейдегі 7 және ІІІ деңгейдегі 3 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетуде. Босандыру ұйымдарындағы кадрлармен қамтамасыз ету деңгейі 95%-ды, медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі 83%-ды құрады.
Соңғы жылдары өңірде ота арқылы босану көрсеткіші төмендеп, ерте неонаталдық және перинаталдық өлім көрсеткіштері тұрақты түрде азайып келеді. Ал ана өлімінің көрсеткіші соңғы 12 жылда 59%-ға төмендеді.
«Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында облысқа бөлінген квоталар толық игеріліп, нәтижесінде 988 сәби дүниеге келді. Оның ішінде 87 егіз және 3 үшем бар.
Әйелдерге медициналық көмекті жетілдіру мақсатында №1 және №3 облыстық перинаталдық орталықтарына «Беделді перзентхана» республикалық мәртебесі берілді. Сонымен қатар «Ұрықты қорғау орталығы» мен «Салауатты ана» пансионаттары ашылып, «Stop Infection» бағдарламасы іске асырылуда. Ал №3 облыстық перинаталдық орталығында енгізілген Ситуациялық орталықтың нәтижесінде негізгі индикаторлар 14%-ға жақсарды.
Медицина мамандарының біліктілігін арттыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Осы уақытқа дейін 3 598 маман симуляциялық оқытудан өтті. Бұл мақсатқа 2025 жылы 342 млн теңге, ал 2026 жылы 175 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды.
Түркістан облысы құрылғаннан бері нәресте өлімі 22,36%-ға, балалар өлімі 6,49%-ға төмендеді. Сонымен қатар облыстағы 19 алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымында даму және ерте араласу орталықтары ашылып, 7 450 бала немесе 49,6%-ы консультациялық көмекпен қамтылды. Сондай-ақ Облыстық балалар ауруханасы мен Түркістан қалалық балалар ауруханасына «Беделді балалар ауруханасы» мәртебесі берілді.
Өңірдегі медициналық ұйымдарды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі 84,85%-ға жетті. Қазіргі таңда мемлекеттік медициналық ұйымдарда 19 компьютерлік томография аппараты, эксперттік санаттағы 8 ультрадыбыстық зерттеу аппараты және 7 магниттік-резонанстық томография аппараты жұмыс істейді. Бұдан бөлек, босандыру және балаларға медициналық көмек көрсететін ұйымдардың қосымша жабдықтарға қажеттілігі анықталып, бұл мақсатқа 5,1 млрд теңге бөлу жөнінде ұсыныс енгізілді. Өткен жылы құны 180 млн теңге болатын нәрестелерге арналған 2 реанимобиль сатып алынды.
Қазіргі таңда өңірде 25 медициналық нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 8 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, 11 медициналық пункт және 5 дислокация нысаны бар. Бұл жобалар халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Алқа отырысының қорытындысында медициналық ұйымдардың басшыларына вакцинациямен қамту деңгейін кемінде 95%-ға жеткізу, ана мен бала өлімін төмендету, онкологиялық ауруларды ерте анықтау, кардиологиялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайту, медициналық ұйымдардың санитариялық жағдайын жақсарту және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен халықты қамту деңгейін 90%-ға жеткізу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.


