Түркістан облысында 1000 адамды жұмыспен қамтитын зауыт салынып жатыр

0
75

Жоба жергілікті минералдық-шикізаттық базаны тиімді пайдаланып, фосфоритті руданы өндіру, байыту және терең өңдеуді қамтитын толық өндірістік кешен құруды көздейді.


Түркістан облысында 1000 адамды жұмыспен қамтитын зауыт салынып жатыр

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Sinopec» компаниясының вице-президенті Чжан Чжансинмен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Кездесуде Созақ ауданында жүзеге асырылып жатқан фосфоритті руданы терең өңдейтін заманауи зауыт жобасының қазіргі жағдайы және алдағы жұмыс жоспары талқыланды. Құны 150 млрд теңгені құрайтын ірі инвестициялық жобаны «Созақ Фосфат» ЖШС жүзеге асыруда. Жоба жергілікті минералдық-шикізаттық базаны тиімді пайдаланып, фосфоритті руданы өндіру, байыту және терең өңдеуді қамтитын толық өндірістік кешен құруды көздейді.

Зауыт іске қосылғаннан кейін жылына 2 млн тонна фосфатты руданы байыту, 1,6 млн тонна күкірт қышқылын, 600 мың тонна фосфор қышқылын, 600 мың тонна диаммоний фосфаты (DAP) және 600 мың тонна моноаммоний фосфатын (MAP), 350 мың тонна синтетикалық аммиак өндіру жоспарланған. Өнімдер ішкі нарықпен бірге Қытай, Үндістан және жақын шетел мемлекеттеріне экспортталады.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жобаның өңір үшін ғана емес, еліміздің өнеркәсіптік дамуы үшін де маңызы жоғары екенін атап өтті.

– Созақ ауданында іске асырылып жатқан фосфоритті руданы қайта өңдеу зауыты – тек өңір үшін ғана емес, жалпы еліміздің өнеркәсіптік және экономикалық дамуы үшін стратегиялық мәні бар ірі жобалардың бірі. Жоба іске қосылғаннан кейін мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға, өңірдің өндірістік әлеуетін күшейтуге және ел экономикасын дамытуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты зауыт құрылысының сапалы, белгіленген мерзімде және халықаралық стандарттарға сай жүзеге асырылуы аса маңызды. Компания құрылыс сапасына, өндірістік қауіпсіздікке, экологиялық талаптарға ерекше назар аударады деп сенеміз. Біз өз тарапымыздан жобаның табысты жүзеге асуына қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз. Инвесторларға жобаны іске асырудың барлық кезеңінде жан-жақты қолдау көрсетіліп, инфрақұрылымдық мәселелер, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл және жобаны толық сүйемелдеу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі, – деді Нұралхан Көшеров.

Жоба «Индустрияландыру картасына» енгізілген. Мемлекеттік қорлар комиссиясының қорытындысына сәйкес, кен орнындағы фосфоритті руда қоры шамамен 1 млрд тоннаны құрайды. Руда құрамындағы фосфор мөлшері 20-30% шамасында.

Жобаның технологиялық бөлігін әзірлеу бойынша Sinopec Nanjing Engineering Co., Ltd. компаниясымен EPC-келісімшарт жасалған. Қазіргі таңда мамандар өндірістік алаң мен кен орнын қосымша зерттеп, керндер мен руда үлгілерін алуда. Сонымен бірге шикізаттың сапалық және технологиялық сипаттамалары нақтыланып, технологиялық шешімдер верификацияланып жатыр.

Техникалық-экономикалық негіздемені 2026 жылғы қазан айында аяқтау жоспарланған. Одан кейін жобалау, инженерлік инфрақұрылымды салу, теміржол тарту, сумен, электрмен қамту, жабдықтарды сатып алу және зауыт құрылысын жүзеге асыру кезеңдеріне көшу көзделген.

Кездесуде «Саутс-Ойл» холдингінің президенті Серікжан Сейтжанов жобаның жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. 300 жас маманды әзірлеу үшін шетелге оқуға жіберу көзделіп отырғанын жеткізді.

Жоба толық жүзеге асқан жағдайда өңірде жоғары қосылған құны бар химия өнеркәсібінің жаңа өндірістік тізбегі қалыптасады. Фосфоритті руданы жергілікті жерде терең өңдеу арқылы минералдық тыңайтқыштар мен химиялық өнімдердің өндірісі жолға қойылып, импортты алмастыруға, ішкі нарықты қажетті өніммен қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік туады. Осы зауыт арқылы алдағы 10 жылда бюджетке 43,3 млрд теңгеге жуық салық түсімі түседі деп күтілуде. Зауытты 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Бөлісу