ТҮРКІСТАН: «Кітап оқитын ұлт» жобасын қолдау мақсатында меморандумға қол қойылды

0
63

Жобаның негізгі мақсаты – мемлекеттік мекемелерді, білім беру және мәдениет ұйымдарын, қоғамдық бірлестіктерді және өзге де серіктестерді ортақ бастамаға жұмылдыру.


ТҮРКІСТАН: «Кітап оқитын ұлт» жобасын қолдау мақсатында меморандумға қол қойылды

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры мен Түркістан облысы әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістанда Мемлекет басшысының бастамасымен кітап оқу мәдениетін дамыту, зерделі ұлт қалыптастыру және шығармашыл, жасампаз әрі бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу мақсатында маңызды кездесу өтті.

Жиын барысында «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры мен Түркістан облысы әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, қор төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков қатысты.

Кездесу барысында тараптар облыс аумағында «Кітап оқитын ұлт» жобасын бірлесіп жүзеге асыру тетіктерін талқылап, бастамаға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сонымен қатар жобаны үйлестіру мақсатында арнайы кеңсе құру жоспарланып отыр. Жиында өңірде жобаны жүйелі түрде іске асыруды ұйымдастыру, әдістемелік сүйемелдеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ аудандық және қалалық деңгейде жобаның орындалуын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы ұлттың рухани құндылықтарын дәріптеуге бағытталған игі бастамаларға қашан да қолдау болатынын жеткізіп, жобаның маңыздылығына тоқталды.

– Бүгін біз Түркістан облысының әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою үшін бас қосып отырмыз. Бұл – өңірімізде кітап оқу мәдениетін дамытуға, жас ұрпақтың рухани әлеуетін арттыруға және қоғамда білім мен парасат құндылықтарын нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2023 жылы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударып, жастарды ерте жастан кітап оқуға баулудың маңыздылығын атап өткен болатын. Президент өз сөзінде: «Шын мәнінде, тек кітап оқитын ұлт қана шынайы зерделі ұлтқа айнала алады. Біз жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын оятуымыз керек», – деп атап өтті. Бұл бастама кейін мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналып, оқу мәдениетін дамыту және оқитын ұлт қалыптастыру жөніндегі нақты шаралар қабылданды. Бүгінгі меморандум – сол тапсырмаларды өңірлік деңгейде жүзеге асыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы, халқымыздың бай тарихи-мәдени мұрасы мен ағартушылық дәстүрлерінің алтын бесігі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан қасиетті өңірімізде білім мен руханият әрқашан жоғары құндылық ретінде бағаланған. Сондықтан дәл осы Түркістанның аталған жобаға қосылуы ерекше символдық мәнге ие. Алдағы уақытта өңір тұрғындары «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафонына белсенді қатысып, отбасылық құндылықтарды, тәрбиені, жауапкершілік пен ұлттық рухани мұраны дәріптейтін шығармаларды бірге оқуға мүмкіндік алады. Бұл бастама балаларды, жастарды, ата-аналар мен аға буын өкілдерін ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіретін маңызды алаңға айналады деп сенеміз. Меморандум аясында білім және мәдениет мекемелерінің, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың күш-жігері біріктіріледі. Әсіресе цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалану арқылы облыс тұрғындарының кітаптарға қолжетімділігі артып, шалғай ауылдардағы оқырмандар үшін де жаңа мүмкіндіктер ашылады. Осыған орай, баршаңызды осы игі бастаманы қолдауға шақырамын, — деді ол.

Жобаның негізгі мақсаты – мемлекеттік мекемелерді, білім беру және мәдениет ұйымдарын, қоғамдық бірлестіктерді және өзге де серіктестерді ортақ бастамаға жұмылдыру. Сонымен қатар жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітаптың құндылығын насихаттау және осы бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу көзделген.

Бөлісу