ТҮРКІСТАН: «Қазақстан Республикасы Парламентіне 30 жыл» мерейтойлық медалі табысталды

0
67

Бұл – елдің заңнамалық жүйесін қалыптастыруға және қазақстандық парламентаризмнің дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегіне көрсетілген құрмет.


ТҮРКІСТАН: «Қазақстан Республикасы Парламентіне 30 жыл» мерейтойлық медалі табысталды

Түркістан облысында «Қазақстан Республикасы Парламентіне 30 жыл» мерейтойлық медалі табысталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысының атынан қазақстандық парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға «Қазақстан Республикасы Парламентіне 30 жыл» мерейтойлық медалін табыстады.

Марапат иелерінің қатарында әр жылдары Парламентте депутаттық қызмет атқарған азаматтар, облыстық мәслихат депутаттары, сондай-ақ мемлекеттік қызметте еңбек етіп, елдің заңнамалық және мемлекеттік институттарының дамуына үлес қосқан тұлғалар бар. Мерейтойлық медаль Қазақстан Республикасы Парламентінің 30 жылдығына орай тағайындалған. Бұл – елдің заңнамалық жүйесін қалыптастыруға және қазақстандық парламентаризмнің дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегіне көрсетілген құрмет.

Марапаттау рәсімінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров заң үстемдігінің маңызына тоқталып, марапат иелерін құттықтады.

– Заң – мемлекеттің берік тірегі. Ал әділетті заң – қоғам тұрақтылығы мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың басты кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздегі саяси жаңғыру мен құқықтық реформалардың өзегіне заң үстемдігі, әділет қағидаты және азаматтардың мүддесін қорғау ұстанымдарын қойып келеді. Бұл – Әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолындағы маңызды бағыт. Осы жылдар ішінде Қазақстан Парламенті еліміздің құқықтық негізін қалыптастыруға, мемлекеттік институттарды нығайтуға және елдің тұрақты дамуына елеулі үлес қосты. Бүгінгі марапат – осы еңбектің лайықты бағасы. Сіздердің кәсіби тәжірибелеріңіз бен елге қызмет ету жолындағы еңбектеріңіз кейінгі буынға үлгі. Мемлекетіміздің мерейі үстем, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміздің болашағы жарқын болсын!

Баршаңызды мерейтойлық медальдарыңызбен шын жүректен құттықтаймын! – деді Нұралхан Көшеров.

Қазақстан Республикасы Парламентінің отыз жылдық қызметі барысында еліміздің құқықтық негізін қалыптастыруға бағытталған 3,5 мыңға жуық заң қабылданды. Олардың қатарында экономикалық және қаржылық саясат, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, мемлекеттік басқару, цифрландыру және басқа да маңызды салаларды реттейтін заңдар бар. Сонымен қатар Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығын құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету мақсатында 1 400-ден астам халықаралық шарт ратификацияланды.

Бөлісу