Арыстағы тұқымбақ 2023 жылы құрылып, қазіргі таңда оның аумағы 1 гектарға жуықтады.
Арыстың ағаш өсіру тәжірибесі Түркістан облысының аудан-қалаларына таныстырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Арыс қаласында елді мекендерді көгалдандыру, көшет өсіру және оларды күтіп-баптау бағытындағы жұмыстарды жетілдіруге арналған семинар өтті. Аталған жиынды Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен Арыс қаласы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды.
Жергілікті жағдайға бейімделген көшет өсіру, оларды күтіп-баптау және елді мекендерді көгалдандыру бойынша тәжірибе алмасу мақсатында өткен семинарға Түркістан облысына қарасты аудан және қала әкімдіктерінің көгалдандыру саласына жауапты орынбасарлары, тиісті мекеме басшылары мен сала мамандары қатысты.
Семинарды Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиға пайдалануды реттеу басқармасының Жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау және пайдалануды реттеу бөлімінің басшысы Самат Расул ашып, Арыстың көгалдандыру көпке үлгі екеніне тоқталды.
Одан кейін «Жасыл Арыс» КММ басшысы Бақтияр Асилов Арыс қаласындағы тұқымбақтың жұмысы, көшет өсіру тәсілдері және қол жеткізілген нәтижелер туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.
Басқосу барысында қатысушыларға Арыстағы тұқымбақ жұмысы тәжірибе жүзінде көрсетілді. Атап айтқанда, жергілікті жерде өсіп тұрған ағаштардан тұқым жинау, оларды егу, көшеттерді күтіп-баптау, суару және кейін елді мекендерді көгалдандыруда пайдалану жолдарымен таныстырылды.
Сондай-ақ қатысушылар Арыс қаласының елді мекендерінде отырғызылған көшеттерді көріп, олардың жергілікті жағдайға бейімделу ерекшеліктерімен танысты.
Арыстағы тұқымбақ 2023 жылы құрылып, қазіргі таңда оның аумағы 1 гектарға жуықтады. Мұнда көшеттер сырттан дайын күйінде әкелінбей, Арыс аумағында өсіп тұрған ағаштардан жиналған тұқым арқылы өсіріледі. Тұқымбақта қараағаш, шаған, айлант, үйеңкі, арша, туя, жиде, сабын тал, катальпа, сириялық раушан, легуструм және басқа да ағаштар мен сәндік өсімдіктер өсірілуде.
2025 жылы 23 857 түп, ал 2026 жылдың көктемінде 7 400 түп көшет босатылған. Жалпы осы кезеңде тұқымбақтан 52 мың түп көшет таратылды. Көшеттер ауылдық округтерге, мекемелер мен тұрғындарға тегін беріліп келеді. Бұл жұмыстар қала мен елді мекендердің жасыл қорын арттыруға және тұрғындардың көгалдандыру ісіне белсенді қатысуына мүмкіндік береді.
Көшеттердің тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін күнделікті суару, арамшөптерден тазарту және санитарлық күтіп-баптау жұмыстары жүргізіледі. Суару жұмыстарының 75 пайызы тамшылатып суару жүйесі арқылы, қалған 25 пайызы арнайы тіркемелер арқылы жүзеге асырылады. Алдағы уақытта тұқымбақ аумағын тағы 2 гектарға кеңейту, гүл өсіруге арналған жылыжай салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойын көгалдандыру, қала көшелерін гүлмен безендіру және жасыл қорды одан әрі ұлғайту көзделген.
Айта кетсек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыстың елді мекендерін көгалдандыруға 1,1 млн көшет егу тапсырылған болатын. Бекітілген жоспар бойынша елді мекендерді көгалдандыруға облыстағы орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарынан 2025 жылы 1 065 139 түп әртүрлі көшеттер босатылып, отырғызылды. Биыл облыс бойынша 1 млн көшет отырғызу жоспарланған. Оның ішінде көктемгі маусымға 332 500 түп көшет отырғызылса, күзгі маусымға 700 мың түп көшет отырғызу көзделіп отыр.
Семинар қорытындысында қатысушылар Арыста қолға алынған жұмыстардың тәжірибелік маңызына тоқталып, өзара пікір алмасты. Мұндай тәжірибе алмасу кездесулері аудан-қалаларда көшет өсіру ісін дамытуға, жергілікті климатқа бейімделген өсімдіктерді көбейтуге және көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізуге мүмкіндік береді.


