Мектеп заманауи талаптарға сай салынуда.
Арыста «Келешек мектептері» жобасы аясында 600 орындық білім ұясы салынуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Арыс қаласының экономикалық-әлеуметтік дамуы бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысу үшін Арыс қаласына іссапармен барды.
Жұмыс сапары барысында өңір басшысы Тараз тұрғын ауданында «Келешек мектептері» жобасы аясында бой көтеріп жатқан жаңа білім ошағының құрылыс алаңында болып, жұмыс барысымен танысты. 600 оқушыға арналған мектеп заманауи талаптарға сай салынуда. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жоба аясында білім ордасында екі спорт залы, акт залы, асхана, коворкинг алаңдары, кітапхана, мәжіліс залдары, пәндік кабинеттер мен шеберханалар қарастырылған. Сонымен қатар заманауи талаптарға сай ашық футбол алаңы да бар.
Мердігерлермен кездескен облыс әкімі сапаға аса мән беріп, нысанды келе жатқан жаңа оқу жылында пайдалануға тапсыру керек екенін айтты. Жауапты тұлғаларға білім ұясын білікті кадрлармен қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырма жүктеді.
Жалпы, өңірде «Келешек мектептері» жобасы аясында 29 білім ұясын іске қосу жоспарланып, оның 13-і пайдалануға тапсырылды. Қалған 16 мектепті биыл аяқтау көзделуде.