«Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркіне 13 мыңнан астам турист келген

0
302

Жыл басынан бері өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін азаматтарға 4 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы 1 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.


«Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркіне 13 мыңнан астам турист келген

«Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркіне жыл басынан бері 13 мыңнан астам турист келген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне қарасты Боралдай, Сырдария және Түркістан филиалдарына жыл басынан бері 13 262 турист келген. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында аталған мекеменің туризм бөлімінің меңгерушісі Әйгерім Тәжиева мәлімдеді.

«Парк аумағындағы 47,3 гектар жер туристік мақсатта ұзақ мерзімді пайдалануға беріліп, 14 жер пайдаланушымен келісімшарт негізінде жұмыс жүргізілуде. Экологиялық тәрбие беру мақсатында биыл 15 жалпы білім беретін мектеппен ынтымақтастық орнатылып, мектеп орманшылықтары аясында ағаш отырғызу, экологиялық акциялар, танымдық экскурсиялар мен табиғатты қорғау шаралары өткізілуде. Сонымен қатар, парк аумағында 3 ақпараттық бекет орнатылып, келушілер үшін Kaspi QR арқылы төлем жасау жүйесі енгізілген. Алдағы уақытта өңірлік парк табиғи экожүйелерді сақтау, биоалуантүрлілікті қорғау, экологиялық туризмді дамыту және келушілерге қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастырады» - деді спикер.

Сондай-ақ, брифинг барысында «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» КММ-ң Орман қорғау инженері Баубек Құралбек парк аумағындағы өрт қауіпсіздігінің алдын-алу бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

«Өрт қауіпті кезеңге дайындық аясында парк аумағында 2 152 шақырым минералды жолақты күтіп-баптау жоспарланып, бүгінгі күнге дейін оның 1 771 шақырымы орындалды. Өрт қауіпсіздігі бойынша 700 ескерту тақтайшасы жаңартылып, 24 қызметкер арнайы оқу курсынан өтті. Жыл басынан бері өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін азаматтарға 4 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы 1 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. 2026 жылдың ІІ тоқсанының қорытындысы бойынша парк аумағында орман өрті тіркелген жоқ» - деді спикер.

Бөлісу