Бүгінде Түркістан облысында 212 мыңнан астам зейнет жасындағы азамат тұрады.
Нұралхан Көшеров халықаралық қарттар күнін қариялармен бірге өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Халықаралық қарттар күніне орай Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан өңірінің әр саласында елге қызмет еткен 50-ден астам еңбек ардагерлері, тыл еңбеккерлері, зиялы қауым өкілдері мен аға буын азаматтарын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алдында қарсы алып, аға буын өкілдерімен бірге кесенеге зиярат жасады. Құран бағышталып, елдің амандығы, халықтың бірлігі мен кейінгі ұрпақтың игілігі үшін дұға жасалды. Зиярат барысында Нұралхан Көшеров ардагерлермен емен-жарқын әңгімелесіп, олардың өмір жолы мен елге сіңірген еңбегіне құрмет білдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел тарихында айрықша орны бар аға буынның еңбегін бағалап, ардагерлерге құрмет көрсету мен қамқорлық жасаудың маңызын үнемі атап келеді. Бұл ретте аға ұрпақтың өнегесін дәріптеу және ұрпақтар сабақтастығын сақтау – қоғамның ортақ міндеті.
Бүгінде Түркістан облысында 212 мыңнан астам зейнет жасындағы азамат тұрады. Өңірде 3 Ұлы Отан соғысының ардагері, 2 145 тыл еңбеккері және 100 жастан асқан 39 қария бар. Облыста ардагерлерді әлеуметтік қолдау, олардың өмір сүру сапасын арттыру және қоғамның белсенді өміріне араласуына жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Қасиетті кесенедегі зияраттан кейін облыс әкімі мен ардагерлер мерекелік бағдарламаны бірге жалғастырды.


