«АУЫЛ АМАНАТЫ»: Түркістан облысында 30,2 млрд теңгеге 4 223 жоба қаржыландырылды

0
321

Биыл бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 15,3 млрд теңге қарастырылған.


«АУЫЛ АМАНАТЫ»: Түркістан облысында 30,2 млрд теңгеге 4 223 жоба қаржыландырылды

Түркістан облысы Шардара ауданында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевнің төрағалығымен «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу барысына арналған кеңес өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, ҚР Су және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Ұлттық экономика министрі Бауыржан Омарбеков, өзге де министрліктердің жауапты өкілдері мен облыс әкімдерінің орынбасарлары кеңеске бейнеконференция байланысы арқылы қатысып, баяндама жасады.

Кеңес барысында «Ауыл аманаты» бағдарламасының республика бойынша іске асырылу барысы, бюджет қаражатының игерілуі, ауыл кәсіпкерлігін дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру және өңірлердегі жобалардың тиімділігі талқыланды.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өңірдегі бағдарламаның жүзеге асырылу нәтижелері туралы баяндады. Оның айтуынша, 2023-2025 жылдары республикалық бюджеттен бөлінген 30,2 млрд теңге есебінен 4 223 жоба қаржыландырылды. Соның нәтижесінде 4 635 жаңа жұмыс орны құрылып, 593 жылыжай салынды, 76,8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы малы сатып алынды, 79 қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылды. Сонымен қатар 441 азамат атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан шығып, жобалар есебінен облыста жыл сайын шамамен 80 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілуде.

Биыл бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 15,3 млрд теңге қарастырылған. Оның алғашқы 7 млрд теңгелік траншы толық игеріліп, 583 жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде 1 234 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бағдарлама аясында Отбасылық цифрлық картаның «D» және «E» санатындағы азаматтарды қолдауға басымдық беріліп, жеңілдетілген несиелер ең алдымен осы санаттағы тұрғындарға бағытталуда.

Кеңес қорытындысында Қанат Бозымбаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл экономикасын жаңғыртудың маңызды тетігі екенін атап өтіп, Ұлттық экономика министрлігіне бюджет қаражатының игерілу деңгейі төмен өңірлерден қаржыны бағдарламаны сапалы әрі тиімді іске асырып жатқан облыстарға қайта бөлу мәселесін қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар облыс әкімдіктеріне 2025 және 2026 жылдары бөлінген қаражаттың толық әрі уақытылы игерілуін қамтамасыз етуді, жобаларды сапалы әрі белгіленген мерзімде іске асыруды және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуді міндеттеді.

Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарының табысын арттыру, қайта өңдеу өндірістерін дамыту және тұрақты жұмыспен қамтуды күшейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.

Бөлісу