Фильмнің негізгі түсірілім орындарының бірі – Тайқазан құйылған тарихи Қарнақ болмақ.
Сергей Дворцевой Тайқазанның тарихын кино арқылы жаңғыртпақ, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістанда әлемге танымал режиссер Сергей Дворцевой Тайқазан тарихына арналған кең форматты көркем фильм түсіруге дайындалып жатыр. Режиссер бір жылдан астам уақыт бойы тарихи деректерді зерттеп, Қазақстан мен шетел архивтерін ақтарған. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сергей Дворцевоймен кездесіп, халықаралық киножобаның барысымен және алдағы жоспарларымен танысты. Кездесуде түсірілім үшін тарихи декорацияларды кейін сақтап, туристік нысан ретінде пайдалану мүмкіндігі де талқыланды.
Фильмнің негізгі түсірілім орындарының бірі – Тайқазан құйылған тарихи Қарнақ болмақ. Осыған байланысты облыс әкімдігі түсірілімнен кейін тарихи декорацияларды сақтап, Түркістанның туристік әлеуетін дамытуға пайдалану мүмкіндігін қарастырады.
Фильмнің өзегінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі әйгілі Тайқазанның жасалу тарихы жатыр. Режиссер сол дәуірдің тарихи ортасы мен металл өңдеу технологиясын экранда барынша шынайы көрсетуді көздейді. Осы мақсатта ауқымды декорациялар жасалып, Тайқазанның құйылу процесін қайта жаңғырту жоспарлануда.
Сергей Дворцевой зерттеу барысында Иранға арнайы барып, Тайқазан тарихына қатысты деректерді зерделеген. Сонымен қатар Ресейдегі Эрмитаж қорларындағы материалдар зерттеліп, тарихшылар, археологтар және өзге де сала мамандарымен жұмыс жүргізілуде. Қазір жоба аясында актерлерді іріктеу, декорация әзірлеу және түсірілім алаңдарын ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр. Алғашқы сынақ түсірілімдері өткізілді. Халықаралық жобаға отандық және шетелдік кино мамандары қатысады.
Негізгі түсірілім жұмыстарын 2027 жылы бастау жоспарланған. Фильм кең форматта түсіріліп, заманауи кино өндірісінің озық технологиялары қолданылмақ.
Сергей Дворцевой – ресейлік және қазақстандық деректі және көркем кино режиссері, Канн кинофестивалінің және «Ника» сыйлығының лауреаты, Америкалық киноакадемияның («Оскар») мүшесі. Оның фильмдері халықаралық кинофестивальдерде 80-нен астам жүлдеге ие болған. Режиссер Қазақстанның мәдениет саласына қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталған.
Тайқазанның тарихын әлемдік экранға шығару арқылы жоба Түркістанның тарихи-мәдени мұрасын халықаралық аудиторияға танытуды көздейді.


