Келелі басқосуда әлемдік ЮНЕСКО-ның қорықтар тізіміне енген «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының ғасырлық тарихына, ғылыми-зерттеу жұмыстарына және табиғи экожүйені сақтаудағы рөліне жан-жақты ғылыми баға берілді.
Түркістан облысында «Ақсу-Жабағылы» қорығының 100 жылдығына арналған ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Түлкібас ауданында Қазақстан мен Орта Азиядағы тұңғыш мемлекеттік табиғи қорық – «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының 100 жылдық мерейтойына арналған «Ұлт тұлғасы – Тұрар Рысқұлов және ғасыр жауһары – Ақсу-Жабағылы» атты ғылыми конференция өтті. Тағылымды іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғалымдар, педагогтер, экологтар, қорық қызметкерлері қатысты. Ғылыми конференцияға педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков модераторлық етті.
Келелі жиында Тұрар Рысқұловтың тағылымды мұрасы, ғасырлық тарихы бар Ақсу-Жабағылы қорығының құрылу тарихы, табиғи әлеуеті, ғылыми-зерттеу бағыттары мен жетістіктері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ қорықтың табиғи мұрасын сақтау мен ғылыми әлеуетін арттыру, тарихи және экологиялық құндылығын кеңінен насихаттау, өскелең ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жиында алғысөз алған облыс әкімі Нұралхан Көшеров конференцияға қатысушыларды «Ақсу-Жабағылы» қорығының 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, табиғи мұраны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың маңызын атап өтті.
– Бүгінгі басқосудың тарихи да танымдық салмағы айрықша. Себебі біз Орталық Азиядағы тұңғыш табиғи қорықтың ғасырлық жылнамасын ұлықтап қана қоймай, оның негізін қалаған Алаш арыстарының өнегелі ізін жаңғырту үшін жиналып отырмыз. Бұдан тура бір ғасыр бұрын, 1926 жылы осы қорықты құру туралы мемлекеттік деңгейде шешім қабылдап, жүзеге асырған – ұлт перзенті Тұрар Рысқұлов еді. Осылайша, қазақ жерінде табиғатты жүйелі түрде қорғаудың жаңа дәуірі басталды. Ақсу-Жабағылы – жай ғана қорық емес, бұл – табиғаттың тірі шежіресі, ұрпақтан ұрпаққа жеткен аманат. Ғасырлар тоғысында бұл мекен өзінің табиғи қалпын сақтап, ғылыми зерттеулердің маңызды орталығына айналды. 2015 жылы «Ақсу-Жабағылы» ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы аясында биосфералық резерват мәртебесіне ие болды. Бұл – қорықтың халықаралық деңгейдегі табиғи құндылығын айғақтайтын маңызды белес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев табиғи ресурстар мен биоәртүрлілікті қорғауды мемлекеттік саясаттың басты стратегиялық бағыттары ретінде айқындады. Бұл ұстаным жаңа Конституциямызда да көрініс тауып, табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру әрбір азаматтың бұлжымас міндетіне айналды. Бұл – табиғатты қорғауды бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігіне айналдырған тарихи қадам. Президенттің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасының мақсаты – табиғатты таза ұстап, экологиялық мәдениетті ұлттық дағдыға айналдыру. Ақсу-Жабағылының ғасырлық тарихы мен бүгінгі тынысы осы жалпыұлттық құндылықтармен толықтай үндесіп жатыр. Бүгінде Түркістан облысының алдында тарихи-рухани құндылықтармен қатар, экологиялық және ғылыми туризмді жаңа деңгейге дамыту міндеті тұр. Ақсу-Жабағылы сияқты баға жетпес табиғи жауһарымыз барда бұл саладағы әлеуетіміз өте жоғары. Сондықтан қорықтың ғасырлық тарихы жалғасып, табиғи байлығы мәңгі жасай берсін! Конференция жұмысына сәттілік тілеймін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Конференция барысында Қазақстан Ғалымдар одағының Президенті, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, академик, Тұрартанушы Оразалы Сәбден, Тұрартанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, зерттеуші – ғалым Қазыбек Мұхтар, Тұрартанушы, журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жәпек Мейрамхан, Филология және тарих ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Тарих және педагогика» факультетінің деканы Құрманғали Оразбаев баяндама жасады. Ғалымдар қорықтың Қазақстандағы және Орталық Азиядағы табиғатты қорғау ісіндегі тарихи маңызына тоқталып, оның бірегей экожүйесін сақтау, биоалуантүрлілікті зерттеу және табиғи мұраны келер ұрпаққа жеткізу мәселелері бойынша ғылыми пайымдарын ортаға салды.
Сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткерлері Орынбай Рахманбердиев пен Дархан Қыдырәлі жарыссөзге шығып, конференция тақырыбына қатысты ой-пікірлерін білдірді.
Келелі басқосуда әлемдік ЮНЕСКО-ның қорықтар тізіміне енген «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының ғасырлық тарихына, ғылыми-зерттеу жұмыстарына және табиғи экожүйені сақтаудағы рөліне жан-жақты ғылыми баға берілді.
Мерейтойлық конференция тарихи тұлға Тұрар Рысқұловтың тағылымды мұрасын және ғасырлық тарихы бар «Ақсу-Жабағылы» қорығының табиғи құндылығын сабақтастыра отырып, ғылым, тарих және табиғатты қорғау салаларының өзара байланысын айқындаған мазмұнды ғылыми алаңға айналды.


