Ерлі-зайыптыны АЖЫРАСУҒА апаратын басты ҮШ ҚАТЕЛІК

0
749

Бұл мүлде ұрыс-керіс, ақша жетіспеушілігі, көзге шөп салу емес...


Ерлі-зайыптыны АЖЫРАСУҒА апаратын басты ҮШ ҚАТЕЛІК

Жанжал, проблема, сатқындық, көзге шөп салу – кез келген үйде кез келген уақытта болуы мүмкін жағымсыз жағдайлар. Ушығып кетсе, отбасыны ойрандап, ажырасуға дейін апарады. Мұндай жайлардың өз жанұясында орын алғанын ешкім қаламайды, әрине. Бірақ соларды тудыратын көбіне өзіміз мүлде мән бермейтін іс-әрекеттеріміз екен.


Шынайы болмысты жасыру

Біз үнемі өзімізді бар қалпымызда көрсетуге қысыламыз. Әсіресе, жас кезімізде. Жаңа бір таныстық орната қалсақ, барынша жақсы, мінсіз боп көрінгіміз келеді. Бізден не күтеді, не қалайды, соны ғана паш етеміз. Ал кемшіліктерді жасырып бағамыз. Сүйікті адаммен де тура солай. Әрине, жаман ниетпен емес. Оған ұнау үшін. Кейде көңілінен шығу үшін өзімізді өзгертуге тырысамыз. Отбасын құрып, бірнеше жылды артқа тастағасын, біршама проблемалармен бетпе-бет келгенде нағыз шынайы бет-бейнеміз ашылады.

Асылында отбасын құрғалы жатқан екі жан бір-бірін жақсы танып-білуі үшін ешбір бетпердесіз, бар болмысын ашық көрсетуге міндетті. Бір-бірін шынайы болмысымен қабылдай алған жандар ғана бас қосуға тиіс. Сонда отбасылық өмірде ажырасу туралы ой туғызатын жағымсыз тосын сыйлар, «Сені мұндай деп ойламадым», «Мұндайыңды білгенде үйленбес едім» дегендей сөздер, көңіл қалулар аз болады.


Өткен жылдардың елесі

Жүректегі жараны өзгенің махаббаты арқылы емдегіміз келеді. Жаураған жанымызды біреу келіп жылытса дейміз. Бірақ, өткен шағында жауапсыз махаббат, сәтсіз қарым-қатынасты басынан кешкен жан олардың есігін толық жауып алмай, жаңа арақатынасқа аяқ басуына болмайды. Бірінші өз күшіңізбен сауығып алыңыз. Жараны емдеңіз, өкпені жазыңыз, ренішті жіберіңіз, жаныңызды жылытыңыз. Содан соң барып жаңа арақатынасқа қадам басыңыз.

Өмірлік жарыңызды бұрынғы сүйіктіңізбен мүлде салыстырмаңыз. Салыстырдыңыз екен, кемшілігін міндетті түрде табасыз. Бұл көңіліңізді түсіріп, өткенді аңсауға себеп болады. Сәйкесінше, бүгінгі өміріңізге де көлеңкесін түсіреді.

Жолдасыңызбен бұрынғы бастан кешкен махаббат хикаясымен, тәжірибеңізбен, сезімдеріңізбен бөліспеген абзал. Еш зияны тимейді деп ойласаңыз да. Қанша жерден ересек, саналы адам десек те, сезімге келгенде бәрі әлсіз. Қызғаныш, сенімсіздік сияқты зиянды сезімдерді тудырып не керек?


Өзіңнен бас тарту

Бұл көп ретте әйел адамдардың жіберетін қателігі. Кейбір ер-азаматтар да ұрынады. Отбасын құрған сәттен бастап олар өзінен бас тартады. Яғни, өз қызығушылықтарына уақыт бөлмейді, хоббиімен айналыспайды, қажеттіліктерін барынша азайтады. Бір сөзбен айтқанда, өзі үшін емес, отбасы үшін ғана өмір сүре бастайды. Бұл әрине, басқалар үшін жақсы, ыңғайлы. Тек өзі үшін емес.

Уақыт өте келе «Мені неге ұмыттың?» деп іштегі ұмытылған «МЕН» есік қаға бастайды. Естімегесін, даусын қаттырақ шығарып, бір күні бар пәнменімен айқайлайды. Осыдан кейін барып есін жиған «өзін ұмытқан жан» енді дәрменсіз күйде отбасынан көмек сұрайды. Бірақ оған өзінен басқа ешкім де көмектесе алмайды.

Жағдайды осылай ушықтырмай, отбасылы болған бастапқы уақыттардан-ақ өзгелермен бірдей өзіңізге де қамқорлық жасаңыз. Өзіңізді кейінге ысыра бермей, алдыңғылармен қатар қойыңыз. Ішкі «МЕН»-іңізді тұншықтырмаңыз. Осының өзі отбасылық өмірде көптеген наразылықтан, реніштен сақтайды.

Жанжал, түсініспеушілік, сатқындық, көзге шөп салу сынды үлкен проблемалардың астарында бізге ұсақ-түйек болып көрінетін осындай қателіктеріміз жатыр. Сондықтан, ажырасу орын алып жатса, оның басты себебі осы үшеуінің біреуі болуы әбден мүмкін.

Бар болмысыңызды көрсетуден, шынайы болудан қорықпаңыз. Басқалармен тең құқылы екеніңізді, қызығушылықтарыңыз, қажеттіліктеріңіз барын ұмытпаңыз, ұмыттырмаңыз. Өзіңізді де, өзгені де алдамаңыз.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ТАҢҒЫ 7-ге ДЕЙІН жатпай, МЫНА шаруаларды жасап тастаңыз