ChatGPT сырлас ДОС пен ақылшы АНАның орнын баса ма?

0
144

Жасанды интеллектке сырыңызды сеніп тапсыру қауіпсіз бе?


ChatGPT сырлас ДОС пен ақылшы АНАның орнын баса ма?

Сурет: ЖИ

Жасанды интеллектпен жұмыс істейтін қосымшалар пайдаланушыларға әртүрлі салаларда көмектесіп келеді. Бірақ осыншама пайдамен қатар, қорқынышты тренд пайда болды: адамдар өздерінің жан жаралары мен уайымдарын жақындарымен емес, боттармен жиірек бөлісетін болған.

Бір қарағанда, нейрожелі ең жақсы кеңесші сияқты. Онымен сөйлесу нағыз терапия сынды. Қандай жағдай болса да, сұраныс берушіні қолдайды, жұбатады. «Қазір бос емес едім» демейді, тәуліктің қай уағында іздесең де, қолжетімді. Сұраныс берушінің өз кінәсі айқын көрініп тұрса да, айыптамайды, сынамайды. Білмейіні жоқ, барлық сұраққа жылдам әрі егжей-тегжейлі жауап береді. Осы себептерден кейін басқа түскен проблеманың шешімін ЖИ-дан сұрайтын, уайым-қайғысын ChatGPT-мен бөлісетін, бар сырын соған ақтаратындар санының артуы таңғаларлық емес.

Дегенмен мына шындыққа көз жұмуға болмайды: ЖИ менталды проблемаларды ушықтыра түсетін тұзаққа айналуы мүмкін. Бұл тәжірибенің қаншалықты қисынды екенін, пайданың қай жерде аяқталып, зиянның қай жерде басталатынын анықтап көрейік. Жасанды интеллектке өз жаныңызды сеніп тапсыру шынымен де қауіпсіз бе?

Жанашыр жақыныңды іздеудің орнына, ЖИ жазылымына ақша төлеуге дайын тұруымыздың бірнеше себебі бар.


Бірінші себеп: ұят сезімі және сыннан қорқу

Жанды адамға мәселеңді, қателігіңді, құпияңды, кейбір ойларыңды айтуға ұялатын кездер болады. Өзге түгілі, өз алдыңда мойындау қиынға түсетін жайттарды біреудің көзіне тік қарап отырып айту, оның көзқарасын сезіну, реакциясын қабылдау оңай емес. Тыңдаушы адам айыптайды, таңдауымызды сынға алады, мен туралы жаман ойда қалады, күледі деп ойлаймыз. Ал нейрожелімен сөйлескенде мұндай қорқыныш мүлдем болмайды.


Екінші себеп: адамдардан шаршау

Әңгімелерге, телефон қоңырауларына және шексіз талқылауларға толы ауыр жұмыс күнінен кейін кейде адамдардың жүздерін көргің келмей, ешкім жоқ жаққа қашқың келеді. «Жанды» қарым-қатынас көп энергияны қажет етеді: әдептілік пен әлеуметтік нормаларды сақтауды, сөздер мен іс-әрекеттерді бақылауда ұстауды талап етеді. Қарым-қатынасқа ресурс болмаған кезде, чат-бот мінсіз серік болып көрінеді. Өйткені ЖИ ренжімейді, сөзді бөлмейді және қанша сөйлесең де жалықпай тыңдайды.


Үшінші себеп: 24/7 қолжетімділік

Кейде хәлің мүшкіл боп, жанашыр біреуді іздегенде, жақын маңнан ешкімді таппауыңыз мүмкін. Біреу ауырып қалады, енді бірі жол жүріп кетеді, той-жиыны бар, байланыс аясынан тыс жерде, т.с.с. түрлі себеппен бос болмайды. Сондайда тек ЖИ ғана қасыңнан сөзсіз табылады. Ол күн демей, түн демей, кез келген уақытта тыңдауға дайын. Дәл сол сәтте мұндай қолдау жалғыз еместігіңді сезіндіреді.


Жасанды интеллект жанды қарым-қатынасты алмастыра ала ма?

Бірден айтайық, алмастыра алмайды.

Әңгіме тек түсінушілікпен қарайтын жандардың немесе адамға тән жылылықтың жоқтығында ғана емес. Мәселе әлдеқайда тереңде. Нейрожелімен диалог құрудың негізгі идеясы соншалықты жаман емес. Әсіресе, адам ауыр эмоционалды күйде болғанда немесе шұғыл түрде сезімдерін жеңілдеткісі келгенде. Мұндай сәттерде жағымсыз энергияны ЖИ-ге ақтара салу – қалыпты дүние. Бірақ бірнеше маңызды нәрсе тағы бар.

Біріншіден, интернет 100 пайыздық анонимдікке кепілдік бермейді. ChatGPT-ге айтылғанның бәрі желіге тарап кетіп, көпшіліктің талқысына түсуі мүмкін.

Екіншіден, жасанды интеллект әлі де кемелденбеген. Арнайы жасалған GPT-чаттардың адамдардың психикасы мен жағдайына әсерін зерттеген соңғы ғылыми жұмыстар нейрожелілердің пайдаланушыға ыңғайлы болуға тырысатынын және оған бейімделу үшін бәрін жасайтынын дәлелдеді. Оларда жан да, сезім де, сыни ойлау да, өмірлік тәжірибе де, біліктілік те жоқ. Сондықтан олар сандырақ ойларды, өзіне зиян келтіру сәттерін немесе адамның моральдық күйін қатты ушықтырып жіберетін триггерлік факторларды тани алмайды. ChatGPT-дің суицид туралы ойларды қолдап жібергені немесе сандырақ күйлердің (мысалы, артынан біреу аңдып жүргендей сезіну немесе ұлылық маниясы) өршуіне түрткі болған жағдайлары бірнеше рет сипатталған. Сол себепті, белгілі бір психикалық диагнозы бар адамдардың ChatGPT-ді қолдануы өте ауыр симптомдардың қалыптасуына апаруы ықтимал.

Үшіншіден, әр нәрсенің мөлшері болғаны жақсы. Әсіресе, тәуелділік қаупі бар мәселелерде. Психикасы тұрақты, дені сау жандар тірі адаммен сөйлесу мен роботпен тілдесудің айырмашылығын жақсы ажыратады. Олар ЖИ-ді тірі қарым-қатынастың орнын басу үшін емес, жай ғана көмекші құрал ретінде пайдаланады. Ал тәуелділікке бейім адам өзіне ұнаған кез келген нәрсеге байланып қалуы мүмкін. Бұл тізімде ChatGPT де бар.

Төртіншіден, жасанды интеллект оған құдайдай сенетіндей деңгейде үйретілмеген. Әрине, арнайы боттардың, чаттар мен бағдарламалардың сапасы артып келеді, алайда қателіктер әлі де жиі кездеседі. Нейрожелі жауабын білмейтін сұрақтарға «білмеймін» деп жауап бермейді. Деректердің жеткіліксіздігінен немесе тым үстірт талдаудың кесірінен фактілерді бұрмалап, сөздерді контекстен жұлып алып, дұрыс емес ақпарат ұсынып, адастыруы мүмкін. Сондықтан өте мұқият болу керек.


Эмоционалды қолдау мәселесінде ЖИ кімге және қалай көмектесе алады?

Барлық тәуекелдерге қарамастан, технологияларды құбыжық етіп көрсетудің де қажеті жоқ. Кейбір жағдайларда чат-ботпен сөйлесу ақылға қонымды құрал ретінде өте пайдалы болуы мүмкін.

Ішкі сұраныс немесе елеулі проблемалар болған жағдайда, әрине, жанашыр адамға ақтарылған немесе психологқа барған дұрыс. Ал ChatGPT-ге эмоционалды түрде толып тұрған уайымды шұғыл шығарып тастау қажет болғанда, шұғыл шара ретінде жүгінудің мәні бар. Мысалы, сізді қоғамдық көлікте ренжітті, бастығыңыз айқайлады немесе ішіңіз ашу-ызаға толып, оны жақындарыңызға төгіп алудан қорқып тұрсыз. Мұндай сәттерде нейрожелі ішіңізді босатып, сөздік қорыңызды бірнеше мықты тіркестермен байытып, тынышталып, әрі қарай өмір сүре беру үшін мінсіз әңгімелесуші болады.

Сондай-ақ, ақылды колонкалар, нейрожелілер және ЖИ-дің басқа да нұсқалары қарым-қатынасқа зәру жалғызбасты қарт адамдарға пайдалы болуы мүмкін. Қарапайым әңгімелесуші ретінде жаман емес. Жалғыз тұратын әже онымен ауа райын талқылай алады, өткенді еске түсіреді немесе есте сақтау қабілетін жаттықтырады. Бірақ бұл туыстардың орнын басу емес, бұл тек жалғыздық пен үрейлі тыныштықты бұзудың амалы ғана.

Сонымен қатар, ЖИ өзіңді тану, рефлексия (ішкі толғаныс) және сындарлы сын үшін пайдалы болуы мүмкін. Нейрожеліні жеке күнделік, ойларды жүйелеу құралы, мағына іздеуші, аудармашы немесе сырттан көзқарас беретін рационализатор ретінде пайдалануға болады. Бастысы, нейрожелідегі үн достың да, туыстың да, көршінің, әріптестің, дәрігердің даусы емес екенін есте сақтау.

Кез келген адамға басқа жанды тіршілік иелерімен қарым-қатынас керек. Алгоритмдер қалай дамыса да, нағыз адаммен сөйлесуді ChatGPT-мен салыстыруға келмейді. Тереңдігі жағынан да, қауіпсіздігі жағынан да, этика жағынан да.

Ханбибі ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Қызыңыз «ҚАУІПТІ СҰЛУЛЫҚҚА» құмартса...