Бағдарламаға қатысушыларға ай сайын 28 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде еңбекақы төленеді.
ERNUR.KZ. Жазғы демалыс кезеңінде Шымкент қаласының жастарына еңбекке араласуға, алғашқы кәсіби тәжірибе жинауға және әлеуметтік жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік беретін қоғамдық жұмыс ұсынылатын болды. Бұл бастама – жас ұрпақтың еңбекке бейімделуіне бағытталған маңызды қадам.
Қоғамдық жұмыс аясында 14 жасқа толған мектеп оқушылары мен колледж студенттері 1 маусым мен 31 тамыз аралығында түрлі мемлекеттік мекемелер мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінде қоғамдық көмекші ретінде жұмыс істей алады. Жастар аталған ұйымдарда түрлі ұйымдастырушылық және көмекші міндеттерді атқара отырып, еңбек дағдыларын меңгереді.
Қоғамдық жұмысқа орналасу үшін жасөспірімнің ата-анасынан немесе заңды өкілінен жазбаша рұқсат талап етіледі. Жолдамалар тұрғылықты мекенжай бойынша аудандық мансап (жұмыспен қамту) орталықтарында беріледі.
Бағдарламаға қатысушыларға ай сайын 28 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде еңбекақы төленеді. Бұл сома 2025 жылғы есеп бойынша 110 096 теңгені құрайды.
Аталған бастама жастардың еңбекке ерте араласуына, жауапкершілік пен тәртіпті бойына сіңіруіне ықпал етіп, болашақ маман ретінде қалыптасуына берік негіз қалайды.
Аудандық мансап орталықтарының мекен жайлары:
Абай ауданы – Арғынбеков көшесі, 243/3;
Еңбекші ауданы – Астана шағынауданы, 106;
Әл-Фараби ауданы – Байтұрсынов көшесі, 201;
Қаратау ауданы – Бәйтереков көшесі, 89;
Тұран ауданы – Қазыбек би көшесі, 50.