ERNUR.KZ. Ел тарихындағы елеулі саяси оқиғалардың бірі – Қазақстанда алғаш рет өтіп жатқан Құрылтай сайлауы. Бүгін ел азаматтары өз таңдауын жасап, мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне қатысты ұстанымын білдіруде.
Осы тарихи күнде белгілі айтыскер Біржан Байтуов та сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады. Өнер иесі Шымкент қаласындағы №319 сайлау учаскесіне келіп, азаматтық міндетін орындады.
Аталған сайлау учаскесі Өтегенов көшесіндегі «Самғау» жалпы орта мектебінде орналасқан. Мұнда барлығы 2994 азамат дауыс беруге тіркелген. Дәл қазіргі уақыттағы мәлімет бойынша, олардың 283-і өз таңдауын жасап үлгерген.
Таңғы уақыттан бері тұрғындар учаскеге келіп, дауыс беруге қатысып жатыр. Сайлаушылар арасында жастармен қатар аға буын өкілдері де бар.
Б. Байтуов ел өміріндегі маңызды шешімдерге әр азаматтың өз үнін қосуы қажет екенін айтып, бүгінгі сайлаудың мәніне тоқталды.
“ Бүгін, міне, еліміз үшін тарихи, саяси оқиғалы күн деп баға беруге болады. Өйткені, еліміздің тарихында алғашқы Құрылтайдың сайлауы өтіп жатыр. Бұл дауыс беру өткенге бойұсыну емес, жаңа кезеңге қадам басу деп білемін. Сондықтан жаңа, әділетті Қазақстанның ертеңі үшін дауыс бердік. Бұйырса, Құрылтай депутаттары жаңадан жасақталады. Еліміз үшін ең керекті, маңызды заңдарды шығарады деп сенеміз. Мен де осы елдің азаматы ретінде өз таңдауымды жасадым “,- деді айтыскер.
Оның пікірінше, елдің болашағына қатысты мәселелерде азаматтық белсенділік пен жауапкершілік қатар жүруі керек.
Қазіргі уақытта №319 сайлау учаскесінде дауыс беру жалғасып жатыр. Тұрғындар үшін қажетті жағдай жасалып, сайлау процесі белгіленген тәртіппен өтуде.


