Әлия Юсупова жастарды Құрылтай сайлауына белсенді қатысуға шақырды

0
26


Әлия Юсупова жастарды Құрылтай сайлауына белсенді қатысуға шақырды
ERNUR.KZ. Еліміздің көркем гимнастика тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған, халықаралық додаларда ел намысын абыроймен қорғаған Шымкенттің мақтанышы Әлия Юсупова Т.Тәжібаев атындағы №47 гимназия мектебінде орналасқан №85 сайлау учаскесіне келіп, өз азаматтық таңдауын жасады.

Мемлекетіміздің саяси өміріндегі маңызды оқиғаға орай сайлау учаскесіне келген әйгілі спортшы ел болашағына қатысты әрбір шешімнің салмағы зор екенін атап өтті. Ол жастар мен спортшыларды қоғамдық-саяси үдерістерге белсене араласып, ел өміріндегі айтулы науқаннан шет қалмауға шақырды.

“ Соңғы уақытта елімізде жүзеге асып жатқан ауқымды өзгерістердің барлығының маңызы зор. Бір палаталы Парламент жүйесі мемлекетіміздің одан әрі орнықты дамуына, жаңа белестерді бағындыруына жол ашады деп сенемін. Сондықтан, әр азамат өз құқығын пайдаланып, елдің келешегіне қатысты ұстанымын білдіргені жөн. Әсіресе, жастар мен спортшыларды Құрылтай сайлауына бірауыздан қатысуға шақырамын “, — деді Әлия Юсупова.

Айта кетейік, Әлия Юсупова дауыс берген №85 сайлау учаскесінде келушілерге барлық қажетті жағдай жасалған. Мұнда сайлаушылар тізіміне 2597 азамат енгізілген. Дауыс берушілер үшін 4 жасырын кабина қойылып, сайлау жәшіктері талапқа сай әзірленген. Учаске жұмысы сағат 20.00 -ге дейін жалғасады.

Сайлау учаскесіне таңертеңнен бері “Тұран” шағын аудан тұрғындары да келіп, өздерінің азаматтық міндеттерін орындауда. Жұртшылықтың белсенділігі ел тарихындағы маңызды саяси науқанға деген қызығушылықтың жоғары екенін аңғартады.