Дайындық барысында нені ескеру қажет?
Сурет: Pinterest
Бүгінде жастар арасында ұлан-асыр қып жасалатын дәстүрлі үйлену тойынан бас тартып, оның орнына шетелді таңдайтындар қатары артып келе жатыр. Ата-анасын тәтті шаймен түгелдеп, құдалықпен «қатырып», өздері шет елдегі шағын тоймен шектелуді қалайды. Өйткені экзотикалық елдердің ерекше атмосферасы мен еуропалық сарайлардың сән-салтанаты бұл күнді шынымен де ұмытылмас етуге қабілетті. Оның үстіне, шетелдегі үйлену тойы бірден бал айына ұласып, әлдеқайда көп жағымды эмоциялар сыйлайды.
Мұны іске асырып жатқандар – жоқ емес. Ал әлі армандайтындар – өте көп. Сондықтан болашақ жас жұбайлар мен олардың ата-аналары үшін шетелдегі шағын тойдың қыр-сырын ашқымыз келеді. Ол үшін қандай құжаттар керек? Дайындық барысында нені ескеру қажет? Басқа да бірқатар маңызды сұрақтардың жауабын іздеп көрдік.
Қандай құжаттар қажет болуы мүмкін?
Іс-шараны ұйымдастыруға кіріспес бұрын, алдымен сіз қандай салтанат өткізгіңіз келетінін анықтап алу қажет: символикалық па, әлде ресми ме? Себебі жолға өзіңізбен бірге алып кететін құжаттар тізімі осыған байланысты өзгереді.
Жалпы, неке қиюды өз елімізде рәсімдеп, шетелде символикалық үйлену тойын ұйымдастыру әлдеқайда жеңіл. Мұндай жағдайда көптеген құжаттарды жинаудың және той өтетін елдің рұқсатын күтудің қажеті болмайды.
Ал неке қиюды ресми түрде тіркеу үшін келесі құжаттар қажет:
- Күйеу жігіт пен қалыңдықтың жеке куәліктері;
- Шетелдік төлқұжаттары;
- Күйеу жігіт пен қалыңдықтың туу туралы куәліктері;
- АХАЖ бөлімінен берілетін, неке қиюға заңдық кедергілердің жоқтығын растайтын анықтама;
- Бұрынғы некенің (егер бар болса) бұзылғаны немесе жұбайының қайтыс болғаны туралы куәлік (егер бар болса);
- Егер тойды қонақүйде ұйымдастыратын болса, арнайы сауалнама (анкета) толтырылуы тиіс.
Тағы қандай маңызды жайттарды ескеру керек?
- Барлық құжаттарға сол елдің ресми тілінде жазылған, нотариалды түрде куәландырылған көшірмелер қоса берілуі тиіс. Ал барлық куәліктерде арнайы белгі – апостиль болуы қажет.
- Шетелде діни некелесу рәсімін ұйымдастыру үшін өз дініңіз таралған елді таңдау қажет. Ол жаққа барарда, жергілікті діни мекемелерден бұған дейін неке қиылмағаны жөнінде анықтама алу керек.
- Елді анықтап алғаннан кейін, сол мемлекеттің некені тіркеуге қатысты қандай ерекше талаптары бар екенін алдын ала нақтылап алған жөн. Бұл кейін күтпеген қиындықтардың алдын алады.
Шетелде қиылған неке Қазақстанда заңды күшке ие болуы үшін белгілі бір шарттар мен рәсімдер орындалуы қажет.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, шетелде ресми түрде қиылған неке Қазақстанда танылады, егер:
- Неке ресми түрде тіркелсе (жергілікті АХАЖ немесе муниципалитет органында);
- Бұл неке Қазақстан заңдарына қайшы келмесе (мысалы, көп некелілік, туыстық байланыстар, т.б. болмауға тиіс).
- Некені тіркеу туралы куәлік берілсе;
- Бұл куәлікте апостиль қойылған болса (немесе консулдық/legalization процедурасы жасалса);
- Құжат қазақ немесе орыс тіліне нотариалды расталған аудармасымен бірге ұсынылса;
Сурет: i.svadba-inform.ru
Қайда өткізген жақсырақ?
Мальдив аралдары
Мальдив Республикасы – ғашықтар үшін ең аңсаулы елдердің бірі. Мұнда заңды неке тіркелмейді, бірақ экзотикалық символикалық салтанатты шара ұмытылмас әсер қалдырады. Қолмен салған суреттей табиғаты ертегіге ұқсас үйлену фотосессиясын жасауға мүмкіндік береді.
Мұнда жас жұбайлар пальма ағашын отырғызып, оған үйлену күнінің жазуы бар тақтайша ілу дәстүрі бар. Олар бірнеше жылдан кейін келіп, өз ағаштарын көріп, естеліктерін қайта жаңғырта алады.
Сейшель аралдары
Тағы бір жұмақтай сезілер мекен. Бұл елде қиылған неке заңды түрде танылады. Көптеген жұптар мұнда некелесу рәсімін күн батқанда мұхит жағасында өткізеді. Тропикалық гүлдер, жылы климат пен таңғажайып көріністер – мінсіз той үшін таптырмас жағдай.
Куба
Мұхит жағалауындағы ел ерекше атмосферасымен, романтикаға толы күннің батуы сәтімен, жылы климатымен танымал Куба жүздеген туристер мен жас жұбайларды тартады. Бірақ ескерту керек, туристік маусымда жағажайларда бос орын табу қиын. Сондықтан тойдың шырқы бұзылмасын десеңіз, бәрін алдын ала ұйымдастырып, брондап, дұрыстығын қайта-қайта тексерген артық болмайды.
Прага, Чехия
Прага – Еуропадағы ең қолжетімді қалалардың бірі. Ғажап готикалық архитектура, ежелгі сарайлар мен соборлар... Бұл ортағасырлық қалада түсірілген үйлену фотосуреттері ерекше әдемі шығады. Сондықтан қазіргі жастардың көпшілігі осында неке қиюды қалайды. Үйлену салтанатын патшалардың сарайында өткізуге болады. Жас жұбайлар бұл жерге қос ақ ат жеккен күймемен келіп, өздерін нағыз ханзада мен ханшайым сезіне алады.
Франция
Париж – махаббат мекені, ғашықтардың қосылуы үшін жаралған қала. Бір ғана атын атағаның өзі романтиканың лебін еседі. Париж маңында көптеген сарайлар мен императорлық бақтар бар, олар – үйлену фотосессиясы үшін таптырмас орындар. Қаражатыңыз жетсе, үйлену тойын Луврде немесе Эйфель мұнарасында өткізуге де болады. Бұл қаланың жалғыз кемшілігі – өте қымбат болуы. Банкет залы мен қалыңдықтың гүл шоғына дейін бәрі қымбат тұрады. Сондай-ақ, Францияда некеге тұру үшін елде кемінде 30 күн тұру қажет.
Грекия
Крит – арнайы шетелдік жас жұбайлар үшін жасалғандай. Бағалары қолжетімді, қызмет сапасы жақсы, теңізі көгілдір, жағажайлары ақ құмды, көрінісі өте көркем. Көптеген қонақүйлер үйлену рәсімдерін ұйымдастырады. Жоғары деңгейде өткізетініне күмәніңіз болмасын.
- Аустрия, Германия және Швейцарияда неке заңдастырылу үшін 2 айдан 6 айға дейін биліктің рұқсатын күтуге тура келеді.
- Тайланд көбіне тек символикалық той ұсынады. Өйткені ресми неке үшін құжат рәсімі мұнда өте күрделі.
- Египетте де той жасаушылар көбіне тек символикалық рәсім түрінде өткізеді. Ресми неке танылуы үшін заңдастырудың шаруасы шаш-етектен.
- Біріккен Араб Әмірліктері де тура осыны айтуға болады: ресми неке қиын, көбіне тек рәсімдік той жасалады. Бір ескеретін нәрсе, үйлену тойының өткізілуі ислам нормаларына сай болуы қажет.
Шетелде үйлену тойын өткізу – бұл шексіз эмоциялар, тамаша мереке және жас жұбайлар үшін ұмытылмас естеліктер.
Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
Дұрыс таңдалмаған ШАТЫР табиғаттағы демалыстың ШЫРҚЫН БҰЗАДЫ