Бұл өте қуатты психологиялық әдіс.
Фото: pexels.com
Соңғы жылдары кітап дүкендеріндегі сөрелерден «Шүкіршілік блокноты» жиі кездеседі. Түрлі таңғы марафондарда да «ұйқыдан оянған соң ең әуелі шүкір жазу» тапсырмасы міндетті жаттығу ретінде енгізіліп жүр. Неге?
Өйткені күнді шүкірлік күйімен бастау ең бірінші энергияны арттырады. Ал энергиясы мол адамның күні берекелі, ісі өнімді болатыны анық-ақ.
Белгілі мотиваторлар мен психологтар – Джо Диспенза, Брайан Трейси, Наполеон Хилл еңбектерінде де шүкірлік жазу кеңінен айтылған. Олар шүкіршілік айту – жай ғана әдет емес, ғылыми негізделген пайдалы дағды екенін тарқатып жазған.
1) Ойды оң бағытқа бұрады
Шүкіршілік айтқан сайын адам жоқ нәрселерінен гөрі бар дүниесіне назар аударады. Бұл ішкі күйді тұрақтандырып, уайым мен мазасыздықты азайтады. Қан қысымы тұрақтандырады.
2) Бақыт сезімін арттырады
Психологтар шүкіршілік айту – дофамин мен серотониннің бөлінуін күшейтеді дейді. Бұл «бақыт гормондары» адамның көңілін көтеріп, өмірге қанағат сезімін ұялатады.
3) Өзін-өзі бағалауды жақсартады
«Менің қолымда бар нәрсе жеткілікті» деген ой өз-өзіне сенімділік береді, өз өмірін басқалармен салыстыруды азайтады. Оптимистік, позитивтік көзқарас пайда бола бастайды.
4) Қарым-қатынасты нығайтады
Шүкіршілік айтқан адам айналасындағыларға ризашылық білдіруге бейім болады. Бұл жылы сөз қарым-қатынасты жақсартып, адамдардың бір-біріне жақын болуына ықпал етеді.
5) Стрессті азайтады
Шүкіршілік ету кортизол (стресс гормоны) деңгейін азайтады. Бұл әсіресе қиын жағдайлардағы өмірге деген оң көзқарасты сақтауға көмектеседі. Күнделікті уайымнан гөрі жақсы сәттерді еске алу жүйке жүйесін тыныштандырады, ұйқыны жақсартады, ішкі үйлесімділікке жеткізеді. Ал уайым азайғанда жүрек-қантамыр жүйесінің жағдайы жақсарады.
6) Мотивация береді
Адам өзінің қолындағы нығметтерін мойындаған сайын алға ұмтылуға да құлшыныс артады. Өйткені ол өзін жетімсіреген, ештеңесі жоқ адам ретінде емес, мүмкіндігі бар тұлға ретінде сезінеді.
Қалай жазу керек?
- Күн сайын таңертең 3 нәрсеге шүкіршілік жазып отырасыз (күнделік жүргізу). Тіпті “Бүгін мен ерте тұрдым, шүкір”, “Түнде ұйқым тыныш болды, шүкір” деп жазуға да болады. “Шүкір, көптен бері жууға ерініп жүрген терезелерді кеше тазалап қойдым” десеңіз де болады. Бастысы, көңілде қанағат, ризашылық сезімі туындауы керек.
- Кешке тамақ ішіп болған соң балаларыңыздан, жарыңыздан «бүгін не үшін шүкір айтасың?» деп сұрауды дәстүрге айналдырыңыз. Сіз бұл сұрақ арқылы отбасы мүшелерін де шүкір айтуға үйрете отырып, олардың денсаулығын, эмоциясын біртіндеп түзейсіз.
- Таңертеңгі және кешкі дұға, ішкі тілекте ризашылыққа көңіл бөлу.
Жалпы, шүкіршілік жазу дағдысын бір ай үзбей қайталасаңыз, оның ғажайыбына көз жетіп, өзіңіз-ақ тұрақты өмір салтына айналдыратыныңызға сенеміз.
Ж. Нұрабайқызы,
Тағы да оқыңыыз: