"Тортты бірінші олар кесті, сосын біз..." - жас келіншек екі тойды бірге өткізген ата-енесіне ренжулі

0
307

"Бұрын екеуінің де үйлену тойы болған. Ал біз алғаш үйленіп тұрмыз, алғашқы тойымыз. Оларға үйде бір малын сойып атап өтсе де жетер еді ғой"


көрнекілік сурет: i.pinimg.com

"Қос тойың қабат болсын, Екі дүниең абат болсын" деген жақсы тілек бар қазақта. Расында да қос қуаныштың қатар келуін үлкен нығметке санаймыз.

Тойы таусылмайтын ел арасында қазірде бір тойға екі атау беру үрдісі кең тараған. Мысалы, сүндет той мен мерейтойды жиі қосып жатады. Екі ұлының үйлену тойын бірден жасайтындар да кездеседі. Бірақ, осындай қос тойға қарсы жандар да бар.

ERNUR.KZ порталына осы тақырып төңірегінде ренішін жеткізген жас келіннің пікіріне ой жүгіртіп көріңізші.


"Ішіме сыймай бара жатқан сырымды айтқым келіп отыр. Бәлкім, кейбіреулерге бұл айтарлықтай мәселе емес шығар. Бірақ мен үшін қатты көңіліме тиген оқиға еді.

Жігітім екеуміз бас-аяғы жеті жылдай жүрдік. Соншалықты ұзақ жүруіміздің себебі - менің медицина мамандығындағы оқуымның аяқталғанын күттік. Оқуымды аяқтай сала үйленеміз деп келіскен едік.

Жолдасымның алдында ағасы бар, бұрын үйленіп, ажырасқан. Жасы қырыққа таяған. Ал біздің жасымыз жиырма бесте. Екеуміз түйдей құрдаспыз. Біз үй ішімізге үйленеміз деген шешімімізді айтқан соң ата-анасы оған да үйлен депті, «Ініңнен кейін үйленіп жүресің бе? Сен де үйлен, екеуіңнің тойларыңды бірге жасаймыз» деп шарт қойған.

Сөйтіп, жолдасым екеуміз той күнін белгіледік. Мен келін болып түспестен екі апта бұрын абысынымды ұзатып әкелді. Ол да бұрын ажырасқан, қайнағам екеуі тағдырлас екен. Олардың сөздері, көңілдері жарасқанына қуандым, әрине.

Бірақ мен бір ренжіген нәрсе болды. Ол екі тойды бірге жасағаны.

Тойда бізбен бірге қайнаға мен абысыным да күйеу жігіт-қалыңдық боп шығатынын олар ұзатуға келгенде бір-ақ білдім. ертерек естісем, қарсылығымды айтатын едім. Мен үшін ондай тойдың болғанынан болмағаны артық.

Алдын ала айтпағаны үшін жігітіме ашуландым. Бір сұрағанымда "Оларға той жасамайды, бұрын екеуінің де тойлары болған. Тек қана ағайындардың басын қосып, бата оқыды, некелерін қиғызды. Енді тек біздің тойымызды жасап береді" деген еді. Мен оған сендім. Сөйтсем ол менің қарсы болатынымды біліп жасырған екен.

Енді артқа қайтуға жол жоқ, барлығы белгіленіп, құдалық боп жатқан соң амал жоқ келіспеске. Көңілім түссе де, тұрмысқа шығып жатқаныма бақытты болып, көңіл-күйімді түсірмейін деп шештім.

Сонымен той болды. Біз олардың көлеңкесі болып отырдық. Менің ызама тигені де осы. Өз тойым екенін сезіне алмадым. Бірінші абысынымның ата-анасын күтіп алды, сол жақтан келген құдалар бірінші болып сөз сөйледі, бірінші болып олар вальс биледі. барлық жерде жастары үлкен деп оларға бірінші жол берді. Тортты да алдымен олар кесті, сосын біз кестік.

Бұрын екеуінің де үйлену тойы болған. Ал біз алғаш үйленіп тұрмыз, алғашқы тойымыз. Неге ара-арасында болса да бірінші жолды бізге бермеді деп қатты ренжідім. Оларға үйде бір малын сойып атап өтсе де жетер еді ғой.

Ата-енем екі тойды бірге жасап жақсы үнем қылдық деп қуанып жүрген шығар. Бірақ менің жүрегімде осы реніш қалып қойды.

Осындай реніштерсіз басталса екен отбасылық өмір. Бұл ұлын үйлендіргелі отырған ата-аналарға құлаққағыс болсын. Жастар өз тойы екенін сезінсін дегім келеді."