"​Тойда келінді малға теңегені несі?": бойжеткен ересектердің ерсі тілек айтқанына ренжіді

0
285

"Келінге өнегелі өсиет айттым деп ойлап тұрған шығар"


Сурет: i.pinimg.com

Ботагөз есімді бойжеткен ERNUR.KZ порталы арқылы көпке үндеу жолдағысы келеді. Ол тойда айтылатын кей тілектерге наразы. "Менің тойымда біреу осындай тілек айтса, қатты ренжитін едім" деген сөзі - соның айғағы.


"Бөлем тұрмысқа шықты. Неше түрлі, естіп үйреніп қалған жаттанды тілектер айтылды. Бірақ ең таң қалдырғаны және көңіліме тигені – бір әпкенің айтқаны болды.

«Айналайын келін, есіңде болсын, қазақта «Қыз бен малда үй болмайды» деген сөзі бар. Енді әке-шешеңнің үйін «өз үйім» деп есептеме, төркін деп қана қара. Сонда қайтқың келіп артыңа қарайламайсың. Күйеудің үйі де саған әке үйі емес. Сондықтан ол жерде аяғыңды аңдап басып, бетегеден биік, жусаннан аласа болып жүрсең ғана сыясың» деп біраз нәрсе айтты.

Келінге өнегелі өсиет айттым деп ойлап тұрған шығар. «Бақытты болам деп барма, сол үйді бақытты қылам деп бар» деген тілектен біраз жүйке шаршап еді. Енді мынандай түрін естідік.

Шынымен қазақта сондай мақал бар ма? Бар болса да, сол сөзді үйлену тойында айтудың не керегі бар? Бір жағынан, қызды малға теңеген сияқты естіледі. Екінші жағынан, «Сен – ешкім емессің, ел күткендей келін бол, еңбегіңді сіңір. Әйтпесе ешкімге керек емессің» деген мағына сияқты. Басқаны білмеймін, өзім солай қабылдадым. Менің тойымда біреу осындай тілек айтса, қатты ренжитін едім."