«Қыз баланың салақтығы жаман екен»

0
934

" жақсы-ақ қыз. Тек осы бір үй тірлігіне деген епсіздігі болмаса..."


«Қыз баланың салақтығы жаман екен»

Сурет: i.pinimg.com

Тұрақты оқырманымыз қыздың салақтығына "Неше түрлі адам бар екен, амал жоқ. Өмірдің өзі тәрбиелейді ғой" деп көндіккенін айтады. Алайда өзі куә боп жүрген жайтты бөлісу арқылы ERNUR.KZ оқырмандарына ой салғысы келеді.


"Бүгін таңды тағы да сағаттың оятқыш шырылымен емес, мазасыз ойларыммен қарсы алдым. Терезеден түскен күн сәулесі оятқандай. Ас бөлмеге шықсам, қасымда бірге тұратын қыздың кеше кешкі ас ішкен ыдыстары жиналмай әлі тұр екен.

Жанымдағы қыздың осы бір әдетіне көндіге алмадым. Өзіне ескерту айтсам да, қабылдайтын адам емес секілді. Ал өзі ұйықтап жатыр.

Ашуланып тұрсам да, ештеңе демедім. Себебі одан пайда жоқ. Оның үстіне, ол менің туысым не сіңлім емес. Адамгершілік тарапынан оған ескерту айтқаннан нәтиже шықпаған соң, ары қарай ұрысып отырғым келмеді. Сол қыздың шәй ішкен бокалын жуып қойдым.

Қыз баланың салақ болғаны жаман екен. Бұрын анам үнемі айтатын: «Қызым, тазалық иманның жартысы болса, қыз баланың келбетін көрсетеді. Әсіресе, отырған жеріңді, үсті-басыңды таза ұстаудан бөлек, кешкі ас ішкен ыдыстарды түнге қалдырмай жуып жатыңдар. Түні бойы беті ашық қалған лас ыдыстан шайтан тамақтанады.»

Осылай үрейімізді ұшырса да, сол сөздер арқылы бізді тәрбиелеп, тазалыққа, еңбекке баулыды. Сондықтан, мен мұндайды жек көремін. Кешегіден қалған жуылмаған ыдысты көрсем, қаным басыма шабады. Бірақ, амал жоқ, неше түрлі адам бар екен.

Жақында сессиясы аяқталып, ауылына кетеді. Негізі жаман қыз емес. Адамға жылы шыраймен қарайды. Ашық-жарқын, әңгімешіл, көркі де өзіне сай. Тек осы бір үй тірлігіне деген епсіздігі болмаса...

Мен онымен өмір бойы бірге тұрмаймын ғой. Сонда да әпкелік ақылымды айтамын. Алайда оған ақыл айтып, тәрбие беретін өз ата-анасы, жақындары бар. Өмірдің өзі тәрбиелейді ғой, бәлкім, үйреніп те кетер».