"Кет!" деп талай айттым, кетпеді" - ер адам әйелін үйден неге қуғанын айтты

0
1 044

"Жас келген сайын еркек дәрменсіз жас балаға айналады екен, қазір әйеліме жәутеңдеп қалдым"


Сурет: avatars.dzeninfra.ru

"Жас кезімде әйеліме «Кет!» деп жиі айттым. Анамның көңілін табу қиын еді. Өзім жұмыстан шаршап келсем, алдымнан қабағы кіртиіп қарсы алып, әйелімнің көңілінен шықпайтын жерлерін айтады. Мен ашуланып, әйеліме ұрсамын. Жұмысқа кетіп бара «Мен келгенше көзіңді құрт. Кет үйден!» деп шығып кетемін" - шымкенттік Жұмахан есімді ел ағасы ERNUR.KZ тілшісіне хат жазып, өкінішін жеткізді.


"Кешке келсем, әйелім алдымнан жайраңдап күтіп алады. Таңқалатыным, түк болмағандай үй жұмысына шапқылап кете баратыны. Не керек, әр «Кет!» деген сайын сан себепті көлденең тартып, ақыры кетпеді.

Шынымды айтсам, кетпегені өзіме де ұнайды. Тамағым пісірулі, төсегім салулы. Бала қараулы. Анам күтулі. Еркектің тапқанын тірнектеп құрау әйелге байланысты. Үйде күйім болған соң, қызметім жоғарылаумен болды. Малды бір адамдай таптым. Келін түсіріп, қыз ұзаттым.

Елу беске толған күнімді «Қос бестік» деп, жора-жолдастармен дүркірете тойладым. Ертеңіне болмайтын жерден ескі әнге басып, үйде ұрыс шығарып, тағы «Кет ме кетке» бастым. Әйелім: «Осы табалдырықтан аттағалы естігенім осы сөз болды. Кетсем, баяғыда кетер едім. Кетпеймін! Келінім – қолымда, қыздарым – қияда. Кетсең – өзің кет! Жолың әне, сені кім ұстап тұр?!» деп салды.

Жүрегім жарылып кете жаздады. Қанша жыл отасып жүріп алғаш рет «Өзің кет» дегенді есту ауыр соқты. Машинаның кілтін ала бергенде қолымнан кілтімді жұлып алып «Машина – менің атымда» деді. Қарасам үй мен дүкен де әйелімнің атында екен. Өз атымда ештеңе жоқ.

Ашумен үйден шығып кеттім. Кімге барасың? Дардай басыңмен дос-жаранның, ағайын-туыстың үйіне баруға ұяласың. Ашумен қала кезіп жүрмін. Қашанғы кезесің, шаршадым. Айналама зер сала қарасам, өзім тұратын мөлтекауданды айналып жүр екенмін. Көзден тасалау жердегі орындыққа отырдым. Есіл-дертім үйде. Жанға жайлы үйім, жайраңдап шәй беретін әйелім, айтқанымнан шықпайтын ұлым, сызыла сәлем салатын келінім, "аталап" мойныма асылатын немерем - бар қызығым үйде қалған.

Жалғыз отырып алғаш рет жаным жаурады. Әке-шешемнің дүниеден озғанына пәлен жыл болса да, тұңғыш рет өзімді жетім сезіндім. Әйелімнің қою шәйін ішкім келіп, таңдайым құрғай бастады. Өзімді көк тіреп жүргендей сезінетін көңілім әп-сәтте күйреді де қалды. Лезде көше кезбесіне айналғандаймын.

Телефоным шырылдады. Қарасам - әйелім. Қолым дірілдей телефонды көтердім. Арғы жақтан: «Әкесі, серуендеп болсаң, үйге қайтсаңшы. Қай жерде тұрсың, балаңды машинамен жіберейін бе?» деген жайдары дауысын естігенде, үнсіз жылап жібердім.

Ұлым машинамен заулата жетіп келді. Үйге келе жатып әйелімнің өмірімдегі ең асыл қазынам екенін ойладым. Арпалысқан тіршілікте қасымда тіреу болған жарды дер кезінде қадірлеу ойыма кіріп-шықпағанына өкіндім.

Жас келген сайын еркек дәрменсіз жас балаға айналады екен. Өзіңше үстемдік көрсеткің келіп қоқиланғанмен, әйеліңнен қолдау іздеп тұрады екенсің.

Өмірдің бумеранг екеніне көзім жетті. Қаншама жылдан бері әйеліме ойланбастан айтып жүрген сөздің желі өзіме қарай қайыра соққанда, екпіні қаншалықты қатты екенін сезіндім. «Кет!» деген сөзді менен мың сан рет естіген әйелден өмірімде бір-ақ рет «Өзің кет!» дегенді естіп, сол сәтте-ақ күйредім. Содан кейін бұл сөзді өзім де айтпайтын болдым."