Басында «өтпелі жаста ғой, уақыт өте қалпына келер» деп ойладым.
Сурет: i.pinimg.com
Өзін Бану деп таныстырған келіншек "Сіздермен оңай шешілмеген, ұзаққа созылған, өз жүрегіммен өткерген бір жағдайды бөліскім келеді" деді ERNUR.KZ редакциясына кірген бетте.
Оқырманның айтпағы - қыз бала тәрбиесіне қатысты екен. Сөзін "Жасөспірім қыз – нәзік гүл. Қатты қыссаң – сынып қалады, бос жіберсең – бейберекет өседі. Ана жүрегіндегі мейірім – ең үлкен тәрбие құралы екен" деп түйіндеген Банудың бөлісері қыз өсіріп отырған барлық ата-ананың қаперінде болу керек кеңес.
"Мен бес баланың анасымын. Бірақ солардың арасында соңғы уақыттары тәрбиесі ең қиынға түсіп жатқан – үлкен қызым. Қазір тоғызыншы сыныпта оқиды. Бұрын бәрі жақсы болатын: сабағын уақытылы орындайтын, кітапты сүйіп оқитын, мектеп іс-шараларына белсенді қатысатын. Ал соңғы бір жылда танымастай өзгеріп кетті. Бар есі-дерті – киім, косметика, бояу, әлеуметтік желіде әдемі көріну. Ақша сұрай береді. «Қас бояйтын аламын, жапсыратын кірпігім таусылды, жаңа кофта керек, алдыңғысын өткен жолы қыдырғанда киіп қойғанмын» деп, әйтеуір таусылмайды. «Ондай затқа ақша бермеймін, керек емес» десем, «Онда өзім жұмыс істеп ақша тауып, соған аламын» деп алған бетінен қайтуы қиын. Одан қалса телефон қолынан түспейді. Ал сабақ жайлы айтсам, «оқыдым, орындадым» деп құтылады. Сөйтсем қазіргі балалардың интернеттен көшіретін сан түрлі айласы бар екен ғой.
Басында «өтпелі жаста ғой, уақыт өте қалпына келер» деп ойладым. Бірақ сынып жетекшісінің хабарласуы жиілеп кетті. «Қызыңыз сабаққа жиі кешігеді. Үй тапсырмасын орындамапты. Соңғы уақытта мінезі қатты өзгерді. Апайлар ескерту жасаса, қарсы сөз қайтарады екен» деп шағым айтады. Ашуға беріліп, бір-екі рет қатты ұрыстым. Қатесін түсінбей, менімен де ұрысуға дайын тұрғанын көріп, өзімді ұстай алмай ұрдым да. Телефонын, косметикаларын алып қойдым. Бірақ бұның бәрінен нәтиже керісінше болды. Қызым менімен көп сөйлеспей, алыстап кетті. Үйде үнемі көңілсіз, ашулы жүреді.
Ұрыс пен тыйым ештеңе шешпейтінін түсіндім. Әдетте біз жұмыс, шаруа деп, одан қалса өзіміз де телефоннан кино көріп, ойын ойнап, балаларға көп уақыт қалдырмаймыз ғой. Бірдеңе ұнамаса, бір-екі айтқаннан өзгермесе ашуға беріліп, айқайға басамыз. Мен де осы қателіктерді жасап жүрмін негізі, оны іштей білемін. Енді ана ретіндегі міндеттерімді сабырмен, төзіммен атқару керегін, қызыммен өте көп сөйлесіп, оны тыңдау, түсіну керегін мойындадым.
Сол сәттен бастап бағытымды өзгерттім. Қызымды бақылауды қойып, сөйлесуге тырыстым. Кешкі ас үстінде, серуен кезінде, жай ғана тұрмыстық әңгімелер арасында оған сенім білдіріп отырдым. «Сенің сұлулыққа қызығуыңды түсінемін. Әр қыз әдемі болғысы келеді. Бірақ сұлулық тек бояуда емес. Адамды нағыз сұлу, тартымды көрсететін – ақылы, білімі мен жақсы мінезі» деген сынды сөздерді қайталап айта беретін болдым.
Қызығушылығын пайдалы арнаға бұруға тырыстым. «Кейін осы салада жұмыс істегің келе ме?» деп сұрап, сән мен сұлулық әлеміндегі мамандықтар жайлы сөйлесетін болдық. Бірақ, болашақта сән, сұлулыққа қатысты болсын, басқа мамандық болсын, қай салада жұмыс істесең де, қазіргі мектепте берілетін білім, қалыптасатын қабілеттер барлық жерде керегін түсіндірумен болдым.
Қызыммен осылай өте көп сөйлесу үшін маған кей нәрселерден бас тарту керек болды. Мысалы, бірер сағат жалғыз өзім фильм қарап отырып шай ішкенді жақсы көретін едім. Немесе құрбыларыммен видеоқоңырау қосып қойып сөйлесетінбіз. Осы сияқты нәрселерді ысыра тұруға тура келді. Бірақ, бір қуантатыны, қызым өзгере бастады. Бір күні өзі келіп «Мама, мен косметолог болғым келеді. Ол үшін тестте қандай пәнді таңдауым керек?» деп сұрады. Косметолог болу үшін курс оқу жеткілікті, бірақ медициналық мамандығы болса, мықты маман ретінде бағалану мүмкіндігі артатынын, медицинаға түсу үшін жоғары балл жинау керегін, ҰБТ-дағы барлық пәнді осы бастан оқып, дайындалу керегін түсіндірдім.
Қазір қызым сабағына да, үй шаруасындағы міндеттеріне де жауапкершілікпен қарайды. Әрине, телефон мен косметикасын да тастаған жоқ. Бірақ әрқайсының өз уақыты мен орны болатынын түсінгендей.
Көзімнің жеткені – қыз балаға ұрыспай, сеніммен, жылы сөйлесең, жүрегіне жол табуға болады. Жасөспірім қыз – нәзік гүл. Қатты қыссаң – сынып қалады, бос жіберсең – бейберекет өседі. Ана жүрегіндегі мейірім – ең үлкен тәрбие құралы екен. Жылулық пен сенім баланы гүлдетеді. Егер бір ата-ана осы хатты оқып, баласына ұрсудың орнына онымен көп сөйлесуге, түсінісуге тырысса, сөзімнің зая кетпегені."


