"Екі дос құда боламыз деп бет көріспей кетті"

0
115


Сурет: 2012books.lardbucket.org

ERNUR.KZ оқырманы баяндаған оқиға - өкінішті-ақ жағдай. Көпшілікке ғибрат болар деп осында ұсынуды жөн санадық.


Барлығы да Рүстемнің «Бір айтқан сөзімнен қайтпаймын. Айтылған сөз-атылған оқ» деп табан тіреп тұрып алғандығынан бастау алды. Ол ешкімнің сөзіне құлақ аспады. Осылай жөн екен-ау деп ойланып та көрмеді.

Әрине, ер жігіттің сөзінде тұрғаны жақсы, бірақ оның артында жақсылық болмаса, ол серт адалдыққа жата ма?

Рүстем мен Айбар студенттік шақта танысқан жақсы достар еді. Бір топта оқымаса да, жатақхананың бір бөлмесінде тұрып жатты. Ауылдан келген қара сирақ бозбалалар оқуын бітіргенше бірге тұрды. Бірге есейді. Талай қызықты бастан өткізді. Барлық қызыққа да, шыжыққа да екеуі бірге куә болған. Қысқасы, жастық шағы бір-бірімен тығыз байланысты болған дос жігіттер бір-біріне бауырдан да артық болмаса, кем еместей жақын болған еді.

Солай оқуын аяқтап, әрқайсысы өз ауылдарына қайтуға тура келеді. Сонда да бір-бірімен хат алмасып, бір-бірін іздеп тұратын. Олардың ата-аналары да балаларының досын өз баласындай жақсы көрді.

Бірақ, өмір ғой, Рүстем ауылдағы мектепке жұмысқа кірсе, Айбар мамандығы бойынша өз ауылынан бастап жұмыс істеп, қалаға кетті. Сол жақта жүріп, қызметтегі өрлеуі басталды. Үйленді. Екі дос бір-бірінің тойларында атсалысып, кейін отбасылық достар болып араласты. Балалы болды. Кейін олар бір-бірімен құда болуға серттесті. Сол серттен басталып тұр ғой достыққа сызат түскені.

Айбар біраз жыл шетелде тұрып келді отбасымен бірге. Олардың жалғыз ұлы бар еді. Кейін елге қайтады. Сол кезде достар тағы кездесіп, баяғы қызықты сәттерді еске алып, марқайып қалады. Сертіне айнымас достар балаларының қалауын ескермей, сырттай үйлендіріп, өздері құда болады. Рүстемнің қызы «Сүйгенім бар, мені қинамаңдар» деп қанша жалынса да, әкесі «Досыма берген сертімді бұзбаймын» деп туған қызының тағдырына балта шапқанын да кеш түсінеді.

Ал Айбардың жалғыз ұлы ерке болғандығы сонша, ата-анасын тыңдамай, неше түрлі жаман әдеттерге үйір болады. Келіншегіне зәбір көрсетіп, ұрып-соғатынын білген соң, шыдамай қызын алып кетеді.

Бір отбасы осылай ойран болды. «Құда болып, достығымыз туыстыққа айналады» деген достар осылай араласпай кетті. Адам тағдырын ойыншыққа айналдыруға болмайтынын дәлелдеп, көп адамдарға сабақ болған сияқты бұл оқиға.