"Балалы келіншек болса да үйлен!" - сүрбойдақ жігіт жақындары қыспаққа алып жатқанын айтты

0
123


Сурет: avatars.dzeninfra.ru

ERNUR.KZ порталының тілшісіне үйлене алмай жүргенін айтқан жігіттің көкейінде "Кезінде жүрген қыздардың бірі мені қатты сүйіп қалып, мен үшін жылап жүр ме екен, солардың көз жасына қалдым ба екен?" деген қауіп бар.


"Бойдақпын. Жасым 37-ге келді. Осы уақытқа дейін өзіме лайықты ибалы, инабатты, ұрпағымды өрбітіп, жақсы тәрбие бере алатын жар табамын деп талай рет басымды тасқа да, тауға да соқтым. Осылайша болашақ өмірлік серігімді іздеймін деп уақытымның қалай өтіп кеткенін байқамай қалдым.

Үйдегілер де «Қашан үйленесің? Басыңды құрап, жақсы отбасы болып кететін бір қыз табылмады ма осы уақытқа дейін?» деген сөздерді айта-айта шаршады. Анам екі сөзінің бірінде «Көзімнің тірісінде үйлендіріп, қызығыңды көріп кетсем арманым жоқ» деп отырады.

Үйдегі кенже ұлмын. Мен өмірге келгенде анам қырық бесте, әкем елуде болған. Әкем тірі болса бәлкім «осы қызды алсаң да аласың, алмасаң да аласың» деп қинап бір қызға үйлендірер ме еді?

Өзім ерке болып өскен соң, ешкімнің сөзін тыңдамай, олар таныстырған қыздарға көңіл бөлмей, «өзім сүйген қызға үйленемін, ешқайсың маған қыз көріп, таныстырып әуре болмаңдар» деп өзімбілемге салынып, қате іс жасаған екенмін. Бәлкім, егер жан-жақтан жақсы қыз бар деп таныстырып жатса солардың ішінен біреуі болмаса, біреуі ұнап қалуы әбден мүмкін еді ғой. Қырсықтық қой бұл.

Қаншама қыздармен жүріп, біреуінің көзін ұнатпай, екіншісінің сөзін ұнатпай, үшіншісінің қылығы, төртіншісінің түрі ұнамай, ал өзім қатты ұнатқан қыздар мені менсінбей, әйтеуір неше түрлі қызықтар өтті. Өткен өміріме байыппен қарап отырсам, санамалап қарасам, осы жасыма дейін бірталай қызбен жүріппін. Біреуімен екі жыл, енді бірімен үш жыл, бір жыл, тіпті бір-ақ ай жүрген қыздарым да болды.

"Сол қыздардың бірі мені қатты сүйіп қалып, мен үшін жылап жүр ме екен, солардың бірінің көз жасына қалдым ба екен?" деп осы күндері көп ойланам.

Алдындары бір баласы бар, ажырасқан әйелмен кездесіп жүріп, оған қалай ғашық болғанымды аңдамай қалған едім. Соған үйленемін деген ниетім де болды. Бірақ жақындарым қарсы шықты.

«Сен әлі үйленбеген, бойдақ жігітсің. Теңің табылар кеш те болса. Ол әйелдің баласын сен қабылдай аласың ба? Сен қабылдасаң да, анаң ше? Ол бала сені әке ретінде қабылдай алмаса, бекерге берекелерің қашады. Екі оттың ортасында қалып кетуден қорықпайсың ба?» деп біраз адам айтып, екі ойлы күйге салып қойды.

Ойлана келе "Өз айтқанымнан қайтпай үйленсем, кейінгі өміріміз қалай болады? Ол тағы да қиналып, екінші рет бақытсыз болса, онда өзімді кешіре алмаймын ғой" дедім де, айныған едім.

Одан бері де біраз уақыт өтті ғой. Қазір анам да, бауырларым да "Алдыңғы балалы келіншекті аламын десең, қарсы емеспіз. Кімге үйленсең де, әйтеуір үйленші" деп отыр жалынғандай болып. Мен оған енді қайтадан қай бетіммен хабарласамын?"