​МҰҒАЛІМНІҢ бірнеше жұмысын атқаратын бір ғана ЖИ

0
307


​МҰҒАЛІМНІҢ бірнеше жұмысын атқаратын бір ғана ЖИ

Сурет: ЖИ

Claude – мәтінмен жұмыс істейтін ЖИ көмекші. Мәтін жазу, талдау, түсіндіру, құжаттармен жұмыс істеу, идея ұсыну және күрделі ақпаратты құрылымдау сияқты жұмыстарды орындай алады. Білім беру саласына арналған арнайы мүмкіндіктері де бар.


1. Сабақ жоспарын дайындау

Мысалы, мұғалім «8-сыныпқа «Фотосинтез» тақырыбында 45 минуттық сабақ жоспарын құрастыр. Сабақ мақсаты, тапсырмалар, бағалау критерийлері және рефлексия болсын» деп сұрай алады. Claude сабақтың құрылымын, тапсырмаларды және бағалау тәсілдерін ұсынуға көмектеседі.


2. Тапсырмалар мен тесттер құрастыру

Мысалы:

  • тест сұрақтарын жасау;
  • бірнеше деңгейдегі тапсырмалар дайындау;
  • дұрыс жауаптарын беру;
  • ашық және жабық сұрақтар құрастыру;
  • БЖБ/ТЖБ форматына ұқсас тапсырмалар әзірлеу.


3. Бір тақырыпты әртүрлі деңгейдегі оқушыларға бейімдеу

Бұл мұғалім үшін өте пайдалы мүмкіндік. Мысалы, бір мәтінді үлгерімі төмен оқушыға қарапайым тілмен, орта деңгейге стандартты түрде, қабілеті жоғары оқушыға күрделендіріп дайындатуға болады. ЖИ мұны «дифференциалдық», яғни оқытуды оқушы қажеттілігіне қарай бейімдеу ретінде көрсетеді.


4. Оқу материалдарын дайындау

Claude-қа оқу мәтінін беріп, «Осы мәтінді 7-сынып оқушысына түсінікті тілмен қайта жаз» немесе «Осы тақырып бойынша қысқаша конспект, негізгі терминдер және 5 сұрақ дайында» деуге болады. PDF, DOCX, CSV сияқты түрлі құжаттарды талдау мүмкіндігі де бар, сондықтан мұғалім өзінің материалдарын Claude-ға беріп, солардың негізінде жұмыс істей алады.


5. Оқушы жұмыстарын талдауға көмектесу

Мысалы, бірнеше оқушының эссесін немесе жауаптарын беріп, «Оқушылардың жиі жіберетін қателерін анықта және келесі сабақта қандай мәселелерге назар аударуым керек екенін ұсын» деп сұрауға болады. ЖИ мұндай қолдануды шәкірттердің жұмыстарындағы ортақ тақырыптар мен үлгілерді анықтау мысалымен көрсетеді.


6. Кері байланыс дайындау

Мысалы, оқушының жауабын беріп, «Оқушыға қатесін көрсет, бірақ дайын жауапты берме. Келесі қадамға бағыттайтын кері байланыс жаз» деп тапсырма беруге болады. Бұл жерде AI-ды тек «баға қоятын құрал» емес, мұғалімге кері байланыс құрастыруға көмектесетін ассистент ретінде қолданған дұрыс.


7. Презентация мен көрнекі материалдарға идея беру

Claude:

  • презентация құрылымын;
  • слайд тақырыптарын;
  • инфографика идеяларын;
  • сабақтағы ойындарды;
  • топтық және жұптық тапсырмаларды ұсына алады.


8. Мұғалімнің күнделікті құжаттық жұмысын жеңілдету

Мысалы:

  • ата-анаға хабарлама;
  • оқушыға жеке ұсыныс;
  • сабақ бойынша есеп;
  • әдістемелік жоспар;
  • жоба сипаттамасы;
  • оқу мақсаттарын жүйелеу.

Яғни мұғалім уақытын көп алатын қайталанатын мәтіндік жұмыстарды жылдамдатуға болады.


Ең қызықты мүмкіндігі «Learning mode»

Claude-тың білім беру бағытындағы «Learning mode» жобасы оқушыға дайын жауапты бірден берудің орнына сұрақтар қойып, оның өздігінен ойлануына көмектесуге бағытталған. Өндірушілер оны Сократтық сұрақ қоюға негізделген тәсіл ретінде сипаттайды.

Бұл мұғалім үшін де пайдалы идея. ЖИ-ды оқушының орнына тапсырманы орындаушы емес, оқушының жетелейтін көмекші ретінде пайдалануға болады.


Бір маңызды нәрсе бар

Басқа да ЖИ құралдары секілді, Claude-тың жауабын ақиқат деп қабылдауға болмайды. Ол кейде қате ақпарат немесе дәлелсіз тұжырым ұсынуы мүмкін. Сондықтан мұғалім:

  • AI жасаған материалды тексеруі;
  • оқу бағдарламасына сәйкестігін қарауы;
  • фактілерді сенімді дереккөздермен салыстыруы;
  • оқушының жеке деректерін абайлап қолдануы керек.


Бағдарлама тегін бе?

Claude-ты тегін қолдануға болады, бірақ лимитпен. Нақты «күніне осынша хабарлама» деген тұрақты сан жоқ. Лимит сұраныстың ұзақтығына, чаттың көлеміне, қолданылған модельге, файлдарға және сұраныс күрделілігіне байланысты өзгереді. Ұзақ мәтін, үлкен «ауыр» файл, жай ғана дайын ақпаратты айтып қоймай, мәселені талдап, бірнеше қадам арқылы қорытындыға келу, т.с.с. күрделі тапсырмалар лимитті тезірек жұмсайды.

Бір жақсысы, лимит жаңаруы тәулікке созылмайды, 5 сағат сайын жаңартылады. Лимитке жетсеңіз, Claude сізге қашан қайта қолдана алатыныңызды көрсетеді.

Ал ақылы нұсқасын алып, армансыз пайдаланам десеңіз, оның да бірнеше тарифі қарастырылған.

Ешқандай ЖИ, соның ішінде Claude де мұғалімді алмастырмайды. Оның ең тиімді қызметі – мұғалімнің цифрлық ассистенті болу. Сабақ жоспарын әзірлеу, тапсырма құрастыру, материалды деңгейлеу, мәтін мен құжаттарды талдау, кері байланыс дайындау арқылы мұғалімнің уақытын үнемдейді.

Төре СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

САҒАТТЫ ОҢАЙ БӨЛУДІҢ СЫРЛАРЫ: оқу ісі меңгерушісіне лайфхактар