​КИНО тарихындағы ең ҚЫМБАТ 10 туынды

0
180

Әлемдік прокаттағы табысы өндіріс пен шығындарын жабуға жетпеді.


​КИНО тарихындағы ең ҚЫМБАТ 10 туынды

Сурет: ЖИ

Кино көріп отырып, оның әр секундының артында қаншама қаражат тұрғанын көпшілік біле бермейді. Кейде экранда бірнеше минут қана көрінетін көріністі түсіруге ондаған миллион доллар жұмсалады. Алып декорациялар, мамандардың еңбегі, күрделі компьютерлік графика, әйгілі актерлердің қаламақысы және жаһандық жарнама науқандары фильмдердің бағасын бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізді. Соның нәтижесінде кейбір картиналардың бюджеті шағын мемлекеттердің жылдық қаржысымен пара-пар болды.

Қыруар қаржы жұмсалған әр фильм ақшасын міндетті түрде ақтай бермейді. Бірі миллиардтаған доллар жинап, рекорд орнатса, енді бірі орасан шығынға батып, кино студияларын тығырыққа тіреген. Ендеше кино тарихындағы ең қымбат 10 фильмге көз жүгіртіп, олардың қайсысы салынған қаржыны ақтап, қайсысы күткен үмітті ақтамағанын бірге білейік.


1. «Жұлдыздар соғысы VII: Күштің оянуы» (2015)

Бюджеті: шамамен 447 миллион доллар

Кассалық табысы: 2,1 миллиард доллар

Аңызға айналған «Жұлдыздар соғысы» дастанының жетінші бөлімі жарыққа шықпай тұрып-ақ әрі үлкен сынға, әрі зор коммерциялық табысқа ие болатыны белгілі еді. Фильмнің жалпы бюджеті шамамен 447 миллион долларды құрады. Соның 245 миллионы түсірілім, актерлердің қаламақысы, музыка, монтаж және арнайы эффектілерге жұмсалса, тағы 200 миллион доллар ауқымды жарнама науқанына кеткен.

«Жұлдыздар соғысының» сегізінші және тоғызыншы бөлімдерінің де бюджеті 300–400 миллион доллар аралығында болды.


2. «Форсаж 10» (2023)

Бюджеті: 340 миллион доллар

Кассалық табысы: 700 миллион доллар

Бастапқыда көше жарыстары туралы қарапайым фильм ретінде басталған «Форсаж» бүгінде Голливудтағы ең ірі экшн-франшизалардың біріне айналған. Оныншы бөлімнің өндірісіне ғана 340 миллион доллар жұмсалды. Мұндай қомақты қаржының негізгі себептері – көптеген атақты актерлердің қатысуы, күрделі каскадерлік трюктер, қуғын-сүргін көріністері, жарылыстар және әлемнің түрлі елдерінде жүргізілген түсірілімдер.

Фильм 700 миллион доллар табыс тапқанымен, негізгі бюджетіне жарнама шығындарын қосып есептегенде, аса табысты жоба деу қиын.


3. «Аватар: Су жолы» (2022)

Бюджеті: шамамен 350 миллион доллар

Кассалық табысы: 2,3 миллиард доллар

Фильмнің нақты бюджеті жарияланбағанымен, түрлі дереккөздер оның кемінде 350 миллион доллар болғанын жазады. Режиссер Джеймс Кэмерон бұл туралы «Өте қымбат фильм болды» деп қысқа ғана жауап берген.

Алғашқы «Аватар» фильмінен кейін 13 жыл өткеніне қарамастан, жалғасы да үлкен жетістікке жетіп, әлем бойынша 2,3 миллиард доллар жинады.


4. «Кариб теңізінің қарақшылары: Бейтаныс жағалауларда» (2011)

Бюджеті: шамамен 380 миллион доллар

Кассалық табысы: 1 миллиард доллар

Премьерасы кезінде бұл әлемдегі ең қымбат фильм саналды. Бюджеттің едәуір бөлігі актерлердің қаламақысына жұмсалған. Мәселен, Джонни Депп бұл фильм үшін шамамен 55 миллион доллар алған. Сонымен қатар фильмге Пенелопа Крус қосылып, оның да жоғары қаламақы алғаны белгілі.

Алғашқы үш бөлімнің орасан зор табысынан кейін Disney бұл жобаға қаржыны аямады. Дегенмен көрермендер фильмнің ауқымы бұрынғы бөлімдермен салыстырғанда азайғанын атап өтті. Соған қарамастан туынды әлемдік прокатта 1 миллиард доллар жинады.


5. «Кек алушылар: Альтрон дәуірі» (2015)

Бюджеті: шамамен 365 миллион доллар

Кассалық табысы: 1,4 миллиард доллар

Marvel кинәлемінің фильмдері әрдайым қымбатқа түседі. Бұған түрлі елдерде жүргізілетін түсірілімдер, күрделі компьютерлік графика және көптеген жұлдыз актерлердің қатысуы себеп.

«Альтрон дәуірінің» бюджеті шамамен 365 миллион доллар болды. Бірақ фильм әлемдік прокатта 1,4 миллиард доллар жинап, барлық шығынды толық ақтап қана қоймай, франшизаның одан әрі жалғасуына жол ашты.


6. «Юра дәуірі әлемі 2» (2018)

Бюджеті: шамамен 400 миллион доллар

Кассалық табысы: 1,3 миллиард доллар

Universal студиясы фильмге маркетинг шығындарын қоса есептегенде 400 миллион доллардан астам қаражат жұмсаған. Жоғары бюджетке қарамастан фильм 1,3 миллиард доллар табыс тауып, жалғасының түсірілуіне мүмкіндік берді.


7. «Индиана Джонс және Тағдыр дөңгелегі» (2023)

Бюджеті: 294 миллион доллар

Кассалық табысы: 383 миллион доллар

Бұл фильм – тізімдегі ең ірі қаржылық сәтсіздіктердің бірі. Бюджеттің өсуіне дайындық кезеңінің ұзаққа созылуы, сценаридің бірнеше рет өзгеруі, режиссерлер мен продюсерлердің ауысуы әсер етті. Ковид пандемиясы, одан кейін басты рөлдегі актер Харрисон Фордтың жарақат алуы түсірілімді тоқтатып, жұмыс тағы кейінге шегерді.

Нәтижесінде фильм 2023 жылы ғана экранға шықты. Көрермендер мен сыншылар оны жылы қабылдамады. Әлемдік прокаттағы 383 миллион долларлық табыс өндіріс пен маркетинг шығындарын жабуға жетпеді.


8. «Кек алушылар: Финал» (2019)

Бюджеті: 356 миллион доллар

Кассалық табысы: 2,798 миллиард доллар

«Кек алушылар: Финал» Marvel кинәлеміндегі көпжылдық суперқаһармандар тарихының қорытындысы болды. Фильмде кейіпкерлер Таностың әрекеттерінен кейін жойылған ғаламның жартысын қайтаруға тырысады. Бұған дейінгі барлық фильмдердің кейіпкерлері бір туындыда тоғысқандықтан, көптеген жұлдыз актерлердің қатысуы мен аса күрделі арнайы эффектілер қажет болды. Негізгі шығын актерлердің қаламақысы мен ауқымды компьютерлік графикаға жұмсалды. Нәтижесінде фильм кино тарихындағы ең табысты жобалардың біріне айналды.


9. «Титаник» (1997)

Бюджеті: инфляцияны есептегенде шамамен 300 миллион доллар

Кассалық табысы: 2,194 миллиард доллар

«Титаник» Джек пен Роуздың махаббат хикаясын әйгілі лайнердің апаты аясында баяндайды. Режиссер Джеймс Кэмерон кеменің табиғи көлемдегі үлгісін жасап, ашық теңізде түсірілім жүргізді. Сол кезең үшін революциялық саналған арнайы эффектілер фильмнің шынайылығын арттырды. Картина сыншылардың жоғары бағасына ие болып, ұзақ жылдар бойы әлемдегі ең көп табыс тапқан фильм мәртебесін сақтап келді.


10. «Спектр» (2015)

Бюджеті: 245 миллион доллар

Кассалық табысы: 880 миллион доллар

«Спектр» – Джеймс Бонд туралы фильмдер сериясының 24-бөлімі. Фильмде агент 007 халықаралық қылмыстық ұйымға қарсы күреседі. Қомақты қаржы әлемнің түрлі елдеріндегі түсірілімдерге, күрделі экшн көріністеріне, қымбат көліктерге, заманауи гаджеттерге және арнайы эффектілерге жұмсалды.

Джеймс Бонд рөлін сомдаған Дэниел Крэйг сол кездегі ең жоғары ақы алатын актерлердің бірі болды. Сонымен қатар Кристоф Вальц, Моника Беллуччи, режиссер Сэм Мендес және үлкен түсірілім тобына да қомақты қаржы төленді.

Төре СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Корей ДОРАМАлары арқылы танылған 9 ТАҒАМ
ЕЛУДЕН ассаңыз да, ЖИЫРМАДАҒЫДАЙ ЖАС көрінудің жолы бар

ҰЛ-ҚЫЗЫның болашағына БАЛТА ШАБАТЫН аналар