Жүрек ырғағы орталығы заманауи медициналық жабдықтармен толық жарақталған және жоғары технологиялы аритмологиялық араласулар жүргізуге бағытталған.
Елдегі аритмологиялық қызметті дамыту мақсатында Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының құрылымында Жүрек ырғағы орталығы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Жүрек ырғағы орталығының ашылуы – халықты диагностика мен емдеудің заманауи әдістеріне қолжетімділікпен қамтамасыз ететін, кадрлар даярлауды және телемедициналық инфрақұрылымды дамытуды көздейтін аритмология қызметінің дамуына жасалған маңызды қадам.
Жүрек ырғағы орталығы заманауи медициналық жабдықтармен толық жарақталған және жоғары технологиялы аритмологиялық араласулар жүргізуге бағытталған.
Мұнда күрделі аритмиялар кезінде 3D-навигациялық картография және радиожиілік абляция, сымсыз кардиостимуляторларды имплантаттау, импульстік өріс (электропорация) арқылы абляция, КДИ, CRTD және басқа құрылғыларды орнату, сондай-ақ эндокардиалды құрылғыларды алып тастау секілді алдыңғы қатарлы емшаралар жүргізіледі.
Клиникаға сапары барысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова шалғай өңірлердегі пациенттер үшін жоғары деңгейдегі медициналық көмекке қолжетімділікті кеңейтудегі Жүрек ырғағы орталығының маңыздылығын атап өтті. Мұнда телемедицина мен қашықтан бақылау технологиялары енгізілуде, бұл имплантацияланған құрылғылары бар пациенттерді қашықтан бақылауға, күрделі жағдайларды онлайн-консультациялауға, аритмиясы бар пациенттерді сапалы әрі үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді.
Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы – бүкіл ел бойынша жедел жәрдем қызметін үйлестіретін, медициналық авиация түрінде кезек күттірмейтін және шұғыл медициналық көмек көрсететін, көпбейінді бірегей ауруханасы бар тиімді кластер.
ҰШМҮО ауруханасы 2024 жылдың маусым айында ашылған, 250 төсек-орынмен қамтылған, заманауи клиникалық базамен жабдықталған және 29 бейін бойынша 9 клиникалық орталықты қамтиды. Аурухананың бірегей ерекшелігі – жеке тікұшақ алаңы мен ангарының болуы.