Жер қойнауын пайдаланушылар былтыр ғылыми зерттеуге 8,9 млрд теңге бағыттады

0
120

Қатысушылар жер қойнауын пайдаланушылардың өндіруге жұмсалатын шығындардың 1%-ын ғылыми зерттеуге бөлу жөніндегі міндеттемелерінің орындалуына ерекше назар аударды.


Жер қойнауын пайдаланушылар былтыр ғылыми зерттеуге 8,9 млрд теңге бағыттады

ERNUR.KZ. Энергетика министрлігінде Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер – жергілікті қамту, мұнай-газ секторына цифрлық егіздерді енгізу және ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру болды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Қатысушылар жер қойнауын пайдаланушылардың өндіруге жұмсалатын шығындардың 1%-ын ғылыми зерттеуге бөлу жөніндегі міндеттемелерінің орындалуына ерекше назар аударды. Бүгінде Қазақстанда жер қойнауын пайдалануға арналған 320 келісімшарт қолданыста, оның 291-і қаржыландыру міндеттемелеріне ие.

Олардың ішінде 44 келісімшартта ғылымды қаржыландыру келісімшарттық қызмет бойынша жиынтық жылдық табыстан қарастырылған, ал 247 келісімшарт үлгілік келісімшарт негізінде жасалып, өткен жылдың қорытындысы бойынша өндіруге жұмсалған нақты шығындардың 1%-ын аударуды көздейді. Ұсынылған деректерге сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ғылыми зерттеуге 8,9 млрд теңге бағытталған. Қаржыландыру көлемі бойынша «Қаражанбасмұнай», «Қожан» және «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниялары көшбасшылар қатарында.

Бұдан былай ғылымды қаржыландыру мемлекеттік бюджеттің арнайы түсімдері санатына жатқызылды. 2026 жылғы ақпанда күшіне енген жаңа қағидалар бұл аударымдарды толық орталықтандыруды көздейді. Енді қаржыландырылатын жобалар Энергетика министрлігінің Ғылыми-техникалық кеңесі бекітетін басым бағыттарға қатаң сәйкес болуы тиіс, ал оларды іске асыру Ғылым комитетінің рәсімдері арқылы бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру қағидаты негізінде жүзеге асырылады.

Сондай-ақ отырыс барысында тараптар мұнай-газ саласындағы деректердің ашықтығын қамтамасыз етуге және ресурстарды басқару тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық егіздерді енгізу барысын талқылады. Бұл жұмыстар 2026 жылғы өзекті цифрлық күн тәртібі аясында жүзеге асырылуда.