Қазақстанның Минералдық ресурстардың Бірыңғай платформасын minerals.e-qazyna.kz ресми түрде іске қосуы – елдің тұрақты болашағына жасалған маңызды қадам.
ERNUR.KZ. Бұл инновациялық цифрлық платформа мемлекеттік қызметтердің цифрландыру стратегиясының, Мемлекет басшысы ұсынған бастаманың бір бөлігі, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланудағы ашықтықты, тиімділікті және инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталған, деп хабарлайды ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.
Аталған платформа іске қосылғанға дейін Қазақстанда лицензия алу, өтінімдер беру және геологиялық деректерді талдау процесстері күрделі, түсініксіз және жемқорлық тәуекелдеріне бейім болды. Барлық құжат айналымы қолмен жүргізілді, ал өтінімдер мен құжаттарды дайындау және тапсыру бірнеше аптаға созылған. Платформа іске қосылғалы жағдай түбегейлі өзгерді.
«Минералдық ресурстардың Бірыңғай платформасы – бұл тек IT өнімі емес, жер қойнауын пайдаланудың толық өмірлік циклін қамтитын цифрлық ресурстарды басқару тетігі. Оның ішінде өтінімдер беру, лицензия беру, аукциондарға қатысу, міндеттемелерді орындауды бақылау, есептілік тапсыру және геологиялық деректерді жүргізу сияқты функциялар бар. Платформа барлық процестерді айтарлықтай жылдамдатып, оларды ашық әрі қолжетімді етеді», — деп атап өтті ҚР өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жаннат Дубирова.
Минералдық ресурстардың Бірыңғай платформасының негізгі артықшылықтары:
- Барлық процестер онлайн режимде жүзеге асырылады;
- Өтінімдердің мәртебесін нақты уақыт режимінде бақылау мүмкіндігі;
- Адам факторын және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету;
- Геологиялық деректерге ашық қолжетімділік;
- Республиканың интерактивті картасы, учаскелерді және олардың инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін визуалды талдауға мүмкіндік береді.
Платформа барлық құпия емес геологиялық объектілерді қамтиды және бір терезе қағидаты бойынша жер қойнауын пайдалануға қатысуға арналған ыңғайлы механизм ұсынады. Құқықтық қолдауды жаңартылған заңнама, оның ішінде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» кодексіндегі өзгерістер қамтамасыз етеді.
Минералдық ресурстардың Бірыңғай платформасы өтінімдерді беру, міндеттемелерді орындауды бақылау және есептілік тапсыруға дейінгі циклді толық қамтиды.
2025 жылдан бастап МРБП арқылы лицензиялық-келісімшарттық шарттар (ЛКШ), ТРУ, геологиялық барлау және қатысушылар құрамына қатысты есептілік автоматтандырылды. Платформа бірнеше мемлекеттік жүйелермен біріктірілген, оның ішінде, Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК), Экология және табиғи ресурстар министрлігі, кадастр қызметтері; заңды тұлғалардың бірыңғай тізілімі бар.
Инвесторлар платформадан ағымдағы деректерді ала алады және аукциондарға делдалдарсыз қатысады.
Платформа ұдайы жетілдіріліп отырады. Қазіргі уақытта бонустар мен алымдарды төлеуге арналған электронды әмиян, лицензияларды қайта тіркеу, келісімшарттардың орындалуын онлайн бақылау, пайдаланушыларға автоматты хабарламалар жіберу секілді жаңа функциялар енгізілді.
Алдағы уақытта геоаналитикалық құралдар, мобильді құрылғыларды қолдау, шетелдік инвесторлар үшін халықаралық интеграция функцияларын енгізу жоспарланған.