"Жасына емес, еңбек өтіліне қарай": сенатор зейнетақы жүйесін өзгертуді ұсынды

0
70

Сонда адам қажетті еңбек өтіліне жеткен кезде зейнетке шығатын уақытты өзі анықтай алады.


фото: Sputnik / Санат Имангалиев

ERNUR.KZ. Сенатта зейнетақы жүйесін өзгерту мәселесі көтерілді, деп жазады sputnik.kz.
Жоғары палата депутаты Амангелді Нұғмановтың айтуынша, бүгінде жасына қарай емес, еңбек өтілі бойынша зейнетке шығу жүйесіне біртіндеп көшетін кез келді. Бүгінде қорғаныс, ішкі істер мен арнаулы органдар саласында ондай жүйе бар. Оны барлық салаға енгізуге болады.
"Сонда адам қажетті еңбек өтіліне жеткен кезде зейнетке шығатын уақытты өзі анықтай алады. Осы шешімі үшін экономикалық жауапкершілікті де өз мойнына алады", - деді Нұғманов сенаттың бүгінгі отырысында.
Оның ойынша, бұл реформаның арқасында жұмыссыздық төмендейді. Себебі адамдар қажетті еңбек өтілін жинап, зейнетке шығуға тырысады. Масылдық психология да азаяды. Бұдан бөлек, сенаторлар денсаулыққа байланысты зейнетке мерзімінен бұрын шығу тетіктерін ойластыру қажет деп санайды. Мәселен, денсаулық сақтау министрлігі бекіткен аурулардың тізімі бойынша зейнетке мерзімінен бұрын шығуға мүмкіндік беруге болады.
"Осы ұсыныстарды жан-жақты зерделеу мақсатында ведомствоаралық топты құрған дұрыс деп санаймын. Оған құзіретті мемлекеттік органдар, сарапшылар мен азаматтық қоғам институттарының өкілдері кіруі керек", - деді сенатор.
Нұғманов депутаттық сауалын және барлық ұсынысты үкімет басшысына жолдады.