Алдағы уақытта жекеменшік мектептер тек нақты қажеттілік бар өңірлерде ғана ашылады.
ERNUR.KZ. Қазақстанда жекеменшік мектептердің қызметіне қойылатын талаптар өзгереді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Алматы қаласындағы жекеменшік мектептердің құрылтайшылары мен директорларымен өткен кездесуде мәлімдеді, деп жазады baq.kz.
Алдағы уақытта жекеменшік мектептер тек нақты қажеттілік бар өңірлерде ғана ашылады. Лицензиялар 3 ауысымды мектептерді алмастыру қажет болған жағдайда, апатты жағдайдағы мектептердің орнына, сондай-ақ мемлекеттік мектептер тапшылығы байқалатын өңірлерде ғана берілетін болады.
Сонымен қатар заңнама аясында жекеменшік мектептердің құрылтайшыларына қойылатын талаптар күшейтіледі. Олар білім беру сапасына, педагогтердің біліктілік деңгейіне және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты болады.
Сондай-ақ мектеп директорларын тағайындау тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Алдағы уақытта директорларды тағайындау туралы шешімдер тек құрылтайшылардың қалауымен емес, салалық министрлікпен және жергілікті атқарушы органдармен келісу арқылы қабылданатын болады.
Қазіргі таңда 785 жекеменшік мектептің құжаттары цифрландырылған. Жалпы ел бойынша лицензиясы бар 890 жекеменшік мектеп жұмыс істейді.


