Жамбыл облысында 9-сынып оқушысының өлімі: сот үш адамға үкім шығарды

0
121

Оқиға өткен жылдың сәуір айында Жамбыл ауданы Тастөбе ауылында тіркелген.


Жамбыл облысында 9-сынып оқушысының өлімі: сот үш адамға үкім шығарды

Фото: Zakon.kz

ERNUR.KZ. Жамбыл облысында кәмелетке толмаған жасөспірімді өзіне-өзі қол жұмсауға итермелеу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс сот үкімімен аяқталды, деп жазады zakon.kz.

Оқиға өткен жылдың сәуір айында Жамбыл ауданы Тастөбе ауылында тіркелген. 9-сынып оқушысы өз үйінің ауласындағы сарайда асылып, қайғылы жағдайда көз жұмған.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы 3-бөлігі (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Тергеу нәтижесінде 22 жастағы ауыл тұрғыны және 10–11 сыныпта оқитын екі оқушы күдікті ретінде танылған.

Жүргізілген тергеу барысында 7–11 сынып оқушылары арасында "бейресми беделді тұлғалардың" ықпалы бар екені және "көшелік тәртіп" кей ортада қалыпты құбылыс ретінде қабылданатыны анықталған.

Қайғылы жағдайдың негізгі себептері ретінде кәмелетке толмағанға жүйелі түрде қысым көрсету, қорқыту және оны еңбекке мәжбүрлеу фактілері көрсетілген.

Атап айтқанда, оқиға алдында жасөспірім күдіктілердің бірінің үйінде мәжбүрлі түрде құрылыс жұмыстарына тартылғаны белгілі болған.

Іс тергеліп аяқталғаннан кейін 2025 жылғы 5 қыркүйекте сотқа жолданған.

Сот барысында барлық айыпталушылардың кінәсі дәлелденіп, Жамбыл облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 16 сәуірдегі үкімімен олар кінәлі деп танылды.

Сот шешімі бойынша негізгі кінәліге 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса, кәмелетке толмаған екі сыбайласының әрқайсысына 5 жылдан жаза кесілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.